Алматы облысында жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Sergek» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі іске қосылды.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жобаның аясында 325 аппараттық-құрылымдық кешен және 9 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Олар негізгі жолдар, тұрғын алаптар мен көпшілік жиналатын орындарды қамтиды. Сонымен қатар, алғаш рет 32 шалғай елді мекенде камералар орнатылып, бұрын бақылау жүйесі болмаған аймақтар қадағалауға алынған.
Жүйені енгізу нәтижесінде көше қылмыстарының саны шамамен 40%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші жартыдан астамға азаймақ.
Әкімдік өкілдері атап өткендей, «Sergek» жүйесі жасанды интеллект технологиясын және тәулік бойы бейнебақылауды біріктіреді. Бұл кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, облыс тұрғындарының қауіпсіз өмір сүру деңгейін арттырады.