Google компаниясы Play Market платформасынан 350-ден астам Android қосымшасын алып тастады. Анықталғандай, бұл бағдарламалар IconAds деп аталатын жасырын жарнама жүйесіне қатысып келген. Бұл туралы киберқауіпсіздік саласындағы HUMAN компаниясының мамандары хабарлады.
Зерттеу барысында белгілі болғандай, бұл қосымшалар сырттай қарағанда күнделікті қажетке жарайтын қарапайым құралдар сияқты көрінген. Атап айтқанда, қалта шамы, түрлі ойындар, фото өңдеу немесе телефон жадын тазартатын бағдарламалар ретінде ұсынылған. Алайда орнатылған сәттен бастап олар белгішесін жасырып, өздігінен фондық режимде іске қосылып отырған. Пайдаланушыға білдіртпей, жарнамалар көрсетіп, күн сайын 1,2 миллиардқа дейін жалған қаралым жинаған.
Кейбір қосымшалар тіпті Play Market-тен өшірілгеннен кейін де құрылғыда жасырын күйде жұмысын жалғастырған. Экранда көрінбегенімен, олар жүйеде белсенді болып қала берген.
Google зиянды бағдарламаларды өшіріп, оларды әзірлеген жоспарлы алаяқтық схемасына қатысы бар әзірлеушілердің парақшаларын бұғаттады. Алайда мамандар мұндай әдістер үнемі түрленіп отыратынын, сондықтан алдағы уақытта жаңа атаумен немесе басқа нұсқада қайта пайда болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Сарапшылар Android қолданушыларына телефонға орнатылған қосымшаларды тұрақты түрде тексеріп тұруды, пікірлер мен рейтингтерге мән беруді және беймәлім әзірлеушілерден бағдарлама жүктемеуді ұсынады. Бұл құрылғыны артық жүктемеден, ал пайдаланушыны жасырын қауіптен сақтаудың тиімді жолы.