Енді үй жануарларының цифрлық төлқұжатын eGov Mobile қосымшасынан көруге болады. Бұл жаңашыл қызмет арқылы мысық, ит және басқа да үй жануарлары туралы толық ақпаратты смартфоннан қарап шығуға мүмкіндік бар.
Цифрлық төлқұжатта жануардың аты-жөні, тұқымы, түсі, жынысы, туған күні, тұрғылықты мекенжайы сияқты деректермен қатар, екпе егу, стерилизациялау мен чип орнату жайлы мәліметтер де көрсетіледі. Сондай-ақ, иесінің аты-жөні мен ЖСН-і де енгізілген.
Бұл қызметті пайдалану үшін:
1. eGov Mobile қосымшасына кіру керек;
2. «Цифрлық құжаттар» бөлімін ашу қажет;

3. «Басқа құжаттар» ішінен жануар төлқұжатын табуға болады;
4. Құжат көрінбесе, «Құжаттарды жаңарту» батырмасын басу керек.

Цифрлық төлқұжат – ветеринарлық клиникаға барғанда, көрмелерге қатысқанда, сапарларға шыққанда және жануар жоғалып кеткен жағдайда аса қажет құжат. Сонымен қатар, бұл қызмет жануарларды тіркеуді жүйелеуге және қараусыз қалған жануарлардың санын азайтуға ықпал етеді.
2025 жылдың наурызына дейін TABAN базасында 224 мыңнан астам үй жануары тіркелген. Олардың 20 мыңнан астамы – иесіз жануарлар.
Үй жануарларына арналған цифрлық төлқұжат – күнделікті қызметтерді цифрландырудың тағы бір қадамы. Бұл жаңашылдық жануарларды есепке алуды жеңілдетіп, оларды күтуге деген жауапкершілікті арттырады.