Мерекелерден кейінгі алғашқы жұмыс аптасы аяқталды. Ол мазмұнды да қарқынды өтті. Қазақстан аспанында кеңінен қолданыла бастайын деп тұрған ұшқышсыз құрылғылардан бастап, шығармашылыққа серпін беретін жаңа ноутбуктерге дейінгі жаңалықтар технологияның бізбен қатар жүрумен шектелмей, бір қадам алға шыққанын аңғартты.

Ең алдымен, Қазақстанда ұшқышсыз технологияларды сынақтан өткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылатынын атап өткен жөн. Дрондар мен роботтандырылған жүйелер адамдармен қатар жұмыс істеуге бейімделіп жатыр. Бұл үдеріс сырттай қарағанда ерекше әсер қалдырады. Алдағы уақытта көшеге шыққанда үстіңізден ұшып өткен дронның сәлемдеме жеткізіп немесе қалалық қызметке көмектесуі қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін. Технологиялар күнделікті өмірге етене еніп, кеше ғана қиял болып көрінген көріністерді шындыққа айналдырып отыр.

Ұшқышсыз жүйелер дамып жатқан тұста, құқықтық тетіктер де қатар жетілдірілуде. Қазақстанда дербес мәліметтер қорынан жаппай ақпарат көшіріп алуға тыйым салу енгізіледі. Бұл — цифрлық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды қадамы. Қазіргі жағдайда жеке деректер экономикалық әрі әлеуметтік құндылыққа ие, сондықтан олардың қорғалуы ерекше мәнге ие болып отыр.

Дегенмен технология тек қауіпсіздік пен автоматтандыру мәселелерімен шектелмейді. Ол философиялық сұрақтарды да күн тәртібіне шығарады. Апта бойы жасанды интеллекттің саналы бола ала ма деген тақырып қайта талқыланды. Ғалымдар пікірталас жүргізіп жатқанда, жасанды интеллект күнделікті өмірде музыка жасауға, мәтін құрастыруға, сурет салуға, бағдарламалау ісіне көмектесіп келеді. Оның мүмкіндіктері барған сайын кеңейіп, адам мен технология арасындағы шекараны қайта қарауға мәжбүрлейді.

Технологиялық даму аясында балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмай отыр. Әлемдік деңгейде ең кішкентай қолданушылар үшін әлеуметтік желілерді шектеу үрдісі күшейіп келеді. Цифрлық орта шынайы өмірдің орнын баспауы керек, керісінше, виртуалды кеңістік пен нақты өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үйретуі тиіс деген ұстаным алға шығып отыр.

Қазақстанда да осы тепе-теңдік басым бағыттардың бірі саналады. 2026 жыл елде цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Энергетика саласын қоса алғанда, түрлі секторларда ауқымды цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар шетелдік инвесторларға арналған жаңа портал іске қосылуда. Бұл бастама инновациялық жобаларды қолжетімді етіп, идеяны нақты бизнеске айналдыру жолын жеңілдетуге бағытталған.

Аптаның ерекше бөлігі шабыт тақырыбына арналды. CES көрмесінде ASUS компаниясы биылғы жаңа өнімдерін таныстырды. Біздің журналистер бұл құрылғыларды алғашқылардың бірі болып көріп, шолуларын көпшілікке ертерек ұсынды. Компания Zenbook DUO және ROG Zephyrus DUO секілді қос экранды ноутбуктерін көрсетті. Бұл модельдер жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүруге ыңғайлы. Себебі ір мезетте жазба жүргізіп, қосымшаларды басқарып, жобаларды бақылауға мүмкіндік береді.

ASUS тек техникалық шешімдермен шектелмей, тың серіктестіктер арқылы да назар аудартты. ROG пен Kojima Productions бірлескен жобаларында ойын мен креативті индустрияның атмосферасын тереңдетсе, ASUS ProArt пен GoPro арасындағы ынтымақтастық кәсіби мамандар мен контент жасаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл құрылғылар идеяларды жүзеге асыруда сенімді серік болуға бағытталғаны анық байқалады.

Қорытындылай келе, бұл апта болашақтың бүгінгі күнге айналып жатқанын көрсетті. Өмірді жеңілдететін технологиялар, деректер қауіпсіздігін күшейтетін шешімдер, ойлануға жетелейтін философиялық мәселелер мен шабыт сыйлайтын техникалық жаңалықтар бір арнаға тоғысты. Қазіргі таңда технологиялар тек құрал ғана емес, өмір салтының бір бөлігіне айналып келеді.
Ең маңыздысы — болашақ бірден емес, біртіндеп келеді. Сондықтан жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, өзгерістерді саналы түрде қабылдау маңызды. Өткен апта мазмұнды болды, ал алдағы күндер одан да қызықты болары сөзсіз.











