Home Талдау 2026 жылы Қазақстан энергетикасында үш негізгі цифрлық жоба іске асады

2026 жылы Қазақстан энергетикасында үш негізгі цифрлық жоба іске асады

18

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған сәйкес Энергетика министрлігі отын-энергетика саласына заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс тәжірибелік маңызы бар жобаларға негізделіп, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, апаттар санын азайтуға және шығынды оңтайландыруға бағытталған.

Қазіргі таңда энергетика саласында үш негізгі тәжірибелік жоба іске асырылып жатыр.

Алғашқысы – электр беру әуе желілерін жасанды интеллект көмегімен тексеру жүйесі. Арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жиналған бейне мен жылу деректері талданып, тіректер мен сымдардағы ақаулар, қызу ошақтары мен жасырын қауіптер автоматты түрде анықталады. Бұл тәсіл ақауларды ерте кезеңде байқап, алдын алу шараларын уақытында жүргізуге мүмкіндік береді.

Екінші жоба – жылу желілерін құбыр ішінен тексеру технологиясы. Дыбыстық тербеліс қағидатына негізделген бұл әдіс құбырды қазбай-ақ, жүйені тоқтатпай, оның нақты жағдайын бағалауға жол ашады. Нәтижесінде жөндеу жұмыстары дәл жоспарланып, желілердің қызмет ету мерзімі ұзартылады.

Үшінші бағыт – газ саласына арналған сандық көмекші жүйе. Арнайы қосымша арқылы газ есептегіштердің көрсеткіші суретке түсіріліп, деректер автоматты түрде өңделеді. Бұл адам қателігін азайтып, есептің дәлдігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Аталған шешімдер сынақ кезеңінен сәтті өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Диагностика уақыты қысқарып, апат қаупі төмендеп, қаржы мен ресурстарды үнемдеу мүмкіндігі артқан.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы Энергетика министрлігі бұл бастамаларды кең көлемде енгізуді жоспарлап отыр. Электр және жылумен қамту жүйелерінде қолданылатын технологиялар жетілдіріліп, ақауларды анықтау ауқымы кеңейтілмек. Сонымен қатар магистральды құбыр желілерін бақылау және газ саласындағы цифрлық қызметтерді дамыту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, министрлік отандық ақпараттық технологиялар компанияларымен ынтымақтастықты жалғастырып, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді бірлесіп дамытуға ниетті.

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы Қазақстан энергетикасын жаңғыртуға серпін беріп, саланы тұрақты, заманауи әрі технологиялық тұрғыдан дербес бағытқа шығаруға жол ашпақ.