QazaqGaz Aimaq компаниясы газ есептегіштерінің деректерін автоматты түрде жіберетін мобильді қосымшаны сынақтан өткізе бастады. Бұл қызмет жасанды интеллект технологиясы негізінде әзірленіп, отын-энергетика саласын цифрландыру бастамасының бір бөлігіне айналды.
Пилоттық жоба Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында жүзеге асуда. Компания дерегінше, қосымшаны қазірдің өзінде жеті мыңнан астам тұтынушы орнатқан. Әсіресе Түркістан облысында сервис кең қолданыс тауып, тұрғындардан оң пікірлер алған.
Жүйенің жұмыс істеу тәсілі қарапайым: пайдаланушы есептегіш көрсеткішін суретке түсіреді, ал жасанды интеллект деректерді автоматты түрде танып, өңдейді. Бұл әдіс бақылаушының үйге келуін қажет етпейді, шоттарды тез рәсімдеуге әрі қателік жіберу ықтималдығын төмендетуге жол ашады.
QazaqGaz Aimaq өкілдерінің айтуынша, мұндай цифрлық шешім операторлардың жұмыс жүктемесін азайтып, есеп айырысуды ашық етеді және газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта қосымшаның функциялары кеңейтілмек. Пайдаланушылар төлем тарихын қадағалап, есептегішті тексеру мерзімі туралы ескертулер мен техникалық жұмыстар жөніндегі хабарламаларды ала алады. Сондай-ақ адал тұтынушыларға арналған бонустық жүйе мен виртуалды көмекші енгізу жоспарда бар.
Энергетика министрлігі қызмет сапасын арттыруға және газ саласындағы ашықтықты күшейтуге бағытталған мұндай цифрлық бастамаларды қолдап отыр.