Home Технологиялар Ғаламтор және желі Adobe Photoshop жасанды интеллект көмегімен сурет өңдеуді жеңілдетті

Adobe Photoshop жасанды интеллект көмегімен сурет өңдеуді жеңілдетті

9

Adobe Photoshop редакторына ауқымды жаңарту енгізді. Жаңартуда фоторедакциялауды жетілдіретін жаңа құралдармен қатар генеративті жасанды интеллектке негізделген бірнеше мүмкіндік пайда болды. Олардың қатарында Lightroom жүйесіне ұқсас түсті түзету құралы және суреттің үстіне тікелей сызба салып, жасанды интеллектке қажетті өзгерісті түсіндіру мүмкіндігі бар.

Фотосуретпен жұмыс істейтін мамандар үшін жаңартудағы басты жаңалықтардың бірі – жарықты реттеуге арналған жаңа қабат. Бұл құрал бұрын Camera Raw немесе Lightroom бағдарламаларына жүгінуді қажет ететін жарық параметрлерін Photoshop ішінде тікелей басқаруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен экспозицияны, контрастты, жарық және көлеңке деңгейін, сондай-ақ ақ пен қара түстің шегін реттеуге болады.

Жаңа құралдың басты ерекшелігі барлық өзгерістің жеке қабат ретінде сақталуында. Осы тәсіл бастапқы суреттің түпнұсқасын өзгертпей өңдеуге мүмкіндік береді және Photoshop-та қалыптасқан қабаттармен жұмыс істеу тәртібіне толық үйлеседі. Соның арқасында RAW форматындағы фотосуреттерді өңдеуге тән нәтижеге қол жеткізу үшін бағдарламадан шығып, басқа қосымшаға ауысудың қажеті жоқ.

Photoshop-тағы қалыптасқан жұмыс тәртібінен шықпай-ақ Camera Raw деңгейіндегі нәтижеге қол жеткізуге болады.

Жаңартудың екінші бағыты генеративті модельдерге негізделген мүмкіндіктермен байланысты. Firefly Image 5 технологиясын пайдаланатын «Instruct Edit with Masks» құралы белгіленген аумаққа қандай өзгеріс енгізу керектігін мәтін арқылы сипаттауға мүмкіндік береді. Маскаға енгізілмеген бөліктер өзгеріссіз қалады. Осылайша суреттегі маңызды нысандарды жасанды интеллекттің кездейсоқ өзгертуінен қорғауға болады.

Adobe бұл құралды қолдануға бірнеше мысал келтіреді. Мәселен, портреттегі жұмулы көзді ашуға немесе топ болып түскен фотосуреттегі белгілі бір адамға қалпақ қосуға болады. Қажетті өзгерісті жасау үшін күрделі қолмен өңдеудің немесе қосымша сурет іздеудің қажеті жоқ. Оны қарапайым мәтіндік нұсқау арқылы сипаттау жеткілікті.

Жаңартудағы ең ерекше мүмкіндіктердің бірі – Markup құралы. Ол мәтіндік нұсқаулармен қатар жұмыс істеп, жасанды интеллектке қажетті өзгерісті суреттің үстіне тікелей сызу арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді. Пайдаланушы өзгертілуі тиіс аумақты белгілеп, нысанның орналасатын жерін көрсететін бағыттауыш сызық сыза алады немесе жаңа элементтің шамамен пішінін қылқаламмен бейнелей алады.

Adobe көрсеткен таныстырылымда пайдаланушы мысықтың қарапайым сызбасын және қабырғаға төселетін плитканың сұлбасын бейнелейді. Жасанды интеллект бұл қарапайым сызбаларды шынайы көрінетін нысандарға айналдырады. Мұндай тәсіл мәтіндік нұсқаулардың мүмкіндігін кеңейтеді. Себебі кей жағдайда нысанның суреттегі нақты орналасуы мен көлемін сөзбен дәл сипаттау қиын.

Жаңартуда көп көзге түсе бермейтін басқа да өзгерістер бар. Dynamic Text құралы енді кез келген пішіндер мен контурлармен жұмыс істей алады. Сонымен қатар Adobe Stock қорымен ықпалдастық жетілдіріліп, редакторға бекітілетін жаңа панель қосылды. Ол арқылы Adobe Stock қорындағы 900 миллионнан астам материалға қол жеткізуге болады.

Аталған мүмкіндіктердің барлығы Creative Cloud арқылы Photoshop бағдарламасының соңғы нұсқасында қолжетімді.

Дереккөз: SHAZOO

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.