Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанда автокөліктерді өздігінен басқару технологиясын сынау жобасы басталады

Қазақстанда автокөліктерді өздігінен басқару технологиясын сынау жобасы басталады

11

Жақын арада Қазақстанда автокөліктерді өздігінен басқару технологиясын сынау бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мадиев үкіметтің қорытынды баспасөз мәслихатында хабарлады.

Министрдің айтуынша, пилоттық жоба технологиялық және инфрақұрылымдық компоненттердің жұмысын тексеруге, сондай-ақ жол инфрақұрылымы үшін ең төменгі талаптарды анықтауға арналған. Тестілеу қауіпсіздігі қамтамасыз етілген арнайы аймақта жүргізілмек. Жобаның қорытындысы бойынша автокөліктерді өздігінен басқару технологиясын кеңінен қолдану үшін стандарттар әзірленеді.

Жобаның басты құрамдас бөлігі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе. Ол көліктің қозғалысын реттейді, тапсырыстарды бөледі және бағаны анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қалалық ортаны дәл бейнелейтін үшөлшемді 3D-карта құрылып, навигацияны жеңілдетеді.

Пилоттық жобаның іске қосылуы – цифрлық көлікті дамытуға арналған нормативтік база мен инфрақұрылым жасау жұмысының жалғасы. Бұған дейін отандық IT-компания автономдық көлік қызметін коммерциялық түрде 2027 жылы іске қосу жоспарын жариялаған болатын. Бұған дейін елде тек жеке элементтерін сынау жүргізіліп, толыққанды қалалық ортада автономды автокөліктер қозғалысы тексерілмеген еді.