Home Робот пен дрондар,ЖИ Алматы облысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект орталығына айналуда

Алматы облысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект орталығына айналуда

10

Алматы облысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект орталығына айналу жолын қарқынды жалғастыруда. Бұл туралы өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Цифрландыру және IT саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында хабарлады. Шарада үздік мамандар марапатталды.

Әкім облыста жүргізіліп жатқан цифрлық өзгерістердің Президенттің қойған міндеттерімен толық сәйкес келетінін атап өтті. Ел басшысы алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды мақсат еткенін жеткізді. Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, өңірдің дамуы осы цифрлық жаңғырумен тығыз байланысты, ал тұрақты өсу мен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы әрқашан басты басымдық болып қала береді.

Өңір әкімдігінің дерегіне сәйкес, ақпарат және байланыс секторы тоғыз айда 12 пайызға өскен. Өндірілген өнім көлемі 13,7 млрд теңгеге жеткен. Smart City индексі 70 баллды көрсетіп отыр, бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары нәтиже.

Бүгінде облыстағы 368 елді мекеннің 349-ы кеңжолақты интернетке қосылған. 261 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған, 311 елді мекенде 4G қызметі жұмыс істейді. Ал Алатау қаласына қарасты Жетіген шағынауданында 5G желісі іске қосылған.

«Алматы облысының цифрлық егізі» жобасы аясында 33 елді мекеннің интерактивті картасы әзірленіп, 2000 шақырымнан астам инженерлік желінің моделі жасалды. Өңірде 9 мыңнан астам интеллектуалды бейнабақылау жүйесі орнатылған. Сонымен бірге Қонаев қаласында қалалық процестерді басқаруда жасанды интеллектіні қолданатын Qonaev AI жүйесі енгізілді.

«Әкімнің Құрмет грамотасы – еңбегіміздің жоғары бағасы. Бұл бізді жаңа цифрлық жобаларды іске асыруға ынталандырады», – деп Алатау қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Жәнібек Қаратаев өз әсерімен бөлісті.

Сарапшылардың пікірінше, өңірде қолға алынған мұндай бастамалар экономикалық әлеуетті арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартады.