Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазан айында Ресейдегі компанияның деректер орталықтарына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстанда «Яндекс» қызметтерінің жұмысында болған іркілістерге қатысты LS басылымына түсініктеме берді. Министрлік Қазақстан азаматтарының жеке деректері ел заңнамасына сәйкес Қазақстан аумағында орналасқан дерекқорларда сақталуға тиіс екенін мәлімдеді.
«Бұл талап ел аумағында жеке деректерді жинап, өңдейтін шетелдік цифрлық платформаларға да қатысты», – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар министрліктің мәліметінше, жеке деректерді қорғау талаптары сақталған жағдайда, шетелдегі серверлік инфрақұрылымды пайдалануға заңмен тыйым салынбаған. Мұндай инфрақұрылым цифрлық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолданылады. Сондықтан серверлердің Қазақстаннан тыс жерде орналасуы өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды.
Министрлік қазақстандықтардың жеке мәліметтерін қорғау, киберқауіпсіздікті нығайту және цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету салаларындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп келе жатқанын да атап өтті.
«Серверлік инфрақұрылымды орналастыру мен оның резервтік көшірмелерін сақтауға қатысты қосымша талаптар енгізу мәселесін бірнеше мемлекеттік органның бірлесіп, жан-жақты қарастыруы қажет», – деп түйіндеді министрлік.
Бұған дейін де министрлік «Яндекс» қызметтеріндегі іркілістерге қатысты түсініктеме берген болатын. Сол кезде Қазақстан пайдаланушыларының жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын хабарлаған. Ал такси шақыру және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір жүйелік құрамдас бөліктер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.
Бекзада ИШЕКЕНОВА
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












