Қайырлы күн, қадірлі оқырман! Қыстың соңғы айы еңсесін тіктеп, көктемнің алғашқы лебі сезіле бастаған шақта ақпарат кеңістігі де жаңаша тыныс алғандай. Соңғы күндері қоғам назарын аудартқан оқиғалар технология, экономика және цифрлық қауіпсіздік төңірегінде өрбіді. Осы аптада ел ішінде және әлемде болған маңызды оқиғаларға шолу жасайық.

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде ұялы байланыс сапасына қатысты наразылықтарын тағы да жиі білдіре бастады. 2025 жылдың соңында енгізілген тарифтердің қымбаттауы көпшіліктің көңілінен шықпағаны байқалады. Пайдаланушылар байланыстың тұрақсыздығы мен интернет жылдамдығының төмендігін айтып шағымдануда. Оның үстіне, 1 ақпаннан бастап бірқатар операторлар қызмет көрсету шарттарын өзгертіп, бағаларды қайта қарамақ.
Осы жағдаймен қатар елде жасанды интеллект саласына құйылып жатқан инвестиция көлемі айтарлықтай өсіп келеді. Қалыптасқан экожүйе бүгінде жүзден астам стартапты біріктіреді. 2023–2025 жылдар аралығында венчурлық қаржы салымы бес есеге ұлғайып, 73 миллион АҚШ долларына жеткен. Kazakhstan AI Country Report дерегіне сүйенсек, жасанды интеллект экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналып, ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 0,5–2 пайызға артуына ықпал ете алады. 2025 жылы Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект бағытындағы ірі технологиялық компания – Higgsfield AI қалыптасты. Бүгінде бұл технология қаржы саласында, телекоммуникацияда, электрондық мемлекеттік қызметтерде, сауда жүйесінде және өнеркәсіпте кеңінен қолданыла бастады.

Цифрлық орта кеңейген сайын қаржы қауіпсіздігі мәселесі де өзектілене түсті. Банктер күмәнді қоңыраулар тіркелген жағдайда несие беруді автоматты түрде тоқтату тетігін енгізе бастады. Бұл бастама алаяқтыққа қарсы байланыс орталығы жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жүйені Kaspi сынақтан өткізуде. Алгоритм қоңырауды күдікті деп тапса, өтінім уақытша тоқтатылып, пайдаланушыға сақ болу қажеттігін ескертетін хабарлама жолданады. Сарапшылардың пікірінше, алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолдана бастаған шақта мұндай алдын алу тетіктері аса өзекті.

Ақпараттық кеңістікте бейнеплатформаларға қатысты зерттеулер де назар аудартты. Талдау нәтижелері YouTube платформасындағы қысқа бейнелер бөлімінде ұсынылатын контенттің 20 пайыздан астамы сапасы төмен, тек қаралым жинауға бағытталған жасанды интеллект өнімдері екенін көрсетті. Жалпы сарапшылар интернеттегі материалдардың жартысынан көбі автоматты түрде жасалуы мүмкін деген тұжырымға келіп отыр. Бұл құбылыс тек бейнехостингтерде ғана емес, әлеуметтік желілерде, медиа ресурстарда және сурет қорларында да байқалады. Осы үрдісті сипаттайтын “slop” сөзі Merriam-Webster сөздігі нұсқасы бойынша жыл сөзі ретінде тіркелді. Бұл технологиялық даму қарқыны мен қоғамның соған бейімделу мүмкіндігі арасындағы алшақтықты аңғартады.

Сонымен бірге технологиялар күнделікті тұрмысты жеңілдетуге де қызмет етіп келеді. Мәселен, Xiaomi ұсынған Mijia Smart Audio Glasses сырттай қарағанда кәдімгі көзілдірікке ұқсайды. Алайда ол сымсыз байланыс арқылы қоңырау қабылдап, дыбыс тыңдауға мүмкіндік беретін құлаққа тағылатын шағын байланыс құрылғысы ретінде жұмыс істейді. Артық камералар мен күрделі бейнелеу жүйелері жоқ, тек дыбыс пен сөйлесуге бағытталған. Пайдаланушы айналасындағы ортаны естіп отырып, еркін байланыса алады. Жеңіл әрі ыңғайлы бұл құрылғы құлаққапты ұзақ тағудан шаршағандар үшін қолайлы шешім саналады.

Цифрландыру білім беру саласына да тереңдеп еніп отыр. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға құжат тапсыруды толықтай онлайн форматта eGov.kz арқылы жүзеге асыра алады. Қағаз құжат жинау мен мекемелерді аралау қажеттілігі жойылады. Жүйе барлық деректі автоматты түрде тексеріп, бес жұмыс күні ішінде шешім шығарады. Қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Оқу курсын аяқтаған түлектерге запастағы лейтенант немесе кіші сержант әскери атағы беріледі.

Өңірлік деңгейде де ірі цифрлық бастама қолға алынуда. Павлодар облысында Екібастұз энергия торабы маңында деректерді өңдеу орталықтарының кең желісі құрылмақ. Болашақта бұл аумақ серверлерге, бұлтты технологияларға және жасанды интеллект жүйелеріне арналған ірі цифрлық алаңға айналуы мүмкін. Жоба үшін шамамен 200 гектар жер бөлінген, ал оны 1300 гектарға дейін кеңейту жоспарда бар. Қуаттылығы 1 гигаватқа дейін жететін инфрақұрылым өңірдің қолданыстағы энергетикалық әлеуетіне сүйеніп дамытылады. Шетелдік инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Жоба аясында халықаралық IT-компанияларды тарту және 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Әскери технологиялар саласында да тың шешімдер пайда болуда. АҚШ теңіз жаяу әскері 3D-басып шығару тәсілімен жасалған HANX ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстырды. Прототип небәрі 90 күн ішінде дайындалған. Үш өлшемді баспа технологиясы әскери техника өндірісін жеделдетіп, логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл алдағы уақытта қорғаныс саласында жаңа өндірістік модель қалыптастыруы ықтимал. Мамандардың айтуынша, үш өлшемді басып шығару алдағы уақытта әскери техника өндірісінің маңызды бағытына айналмақ.

5 ақпанда өткен таныстырылымда HUAWEI компаниясы жаңа өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында HUAWEI Mate X7 смартфоны, HUAWEI MatePad 11.5 S планшеті және HUAWEI FreeClip 2 сымсыз құлаққаптары бар.Жиналмалы Mate X7 үлгісінде камера диафрагмасы физикалық түрде реттеледі, бұл мобильді фототүсірілім сапасын кәсіби деңгейге жақындатады. Планшеттің күңгірт экраны көзге жайлы оқу тәжірибесін ұсынса, құлаққап бас изеу арқылы басқару мүмкіндігін береді. Мұндай шешімдер пайдаланушы интерфейсінің эволюциясын айғақтайды.

Осындай жаңалықтарға толы апта әлемнің қаншалықты жылдам өзгеріп ,жатқанын тағы бір мәрте көрсетеді. Кейде айналада тыныштық орнағандай көрінгенімен, соңғы күндердің өзіне көз жүгіртсек, болашақтың әлдеқашан басталып кеткенін аңғарамыз. Бірі технологиялық өзгерістерден секем алса, енді бірі олардан үміт күтеді. Ең маңыздысы – жаңашылдықты үреймен емес, саналы көзқараспен қабылдап, заман ағымымен қатар қадам басу.












