Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда деректер орталықтары алқабы құрылады

Қазақстанда деректер орталықтары алқабы құрылады

11

Павлодар облысында, Екібастұздың ірі энергия торабына жақын аумақта ауқымды цифрлық жоба іске қосылмақ. Мұнда деректерді сақтау және өңдеуге арналған орталықтар желісін құру жоспарланып отыр. Жоба аясында серверлер, бұлтты қызметтер мен жасанды интеллект жүйелерін орналастыруға мүмкіндік беретін алаң қарастырылған. Алғашқы кезеңде шамамен 200 гектар жер бөлінген, ал болашақта аумақты 1300 гектарға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Деректер орталығы — ақпаратты сақтап, өңдейтін мыңдаған сервер орналасқан арнайы кешен. Мұндай орталықтар арқылы интернет-порталдар, банктік қызметтер, мемлекеттік жүйелер, бұлтты сақтау сервистері мен жасанды интеллектке негізделген шешімдер жұмыс істейді. Осындай нысандардың тұрақты әрі қуатты электр энергиясына тәуелді екені белгілі.

Сол себепті жоба шеңберінде ұзындығы шамамен 15 шақырым болатын жаңа электр жеткізу желілерін тарту және қуаты 300 мегаваттты құрайтын қосалқы станциялар салу жоспарланып отыр. Кейін бұл көрсеткішті 1 гигаваттқа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылады. Қуат көздері кезең-кезеңімен іске қосылып, жаңа электр станцияларын салмай-ақ, қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымға сүйену көзделген.

Жобаға тартылатын шетелдік инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайды. Үкімет ірі халықаралық технологиялық компанияларды қызықтыруды және энергетика, ақпараттық технологиялар мен есептеу жүйелерін пайдалану саласында кемінде 500 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Басты мақсат — Қазақстанды жаһандық цифрлық нарыққа шығаратын өңірлік торапқа айналдыру. «Деректер орталықтары алқабы» әлемдік компаниялар үшін есептеу қуаттарын орналастырып, Қазақстан аумағынан халықаралық нарыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа алаң болмақ.