Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы стартаптарға негізделген қарқынды дамып келе жатқан экожүйе қалыптасты. Қазіргі таңда елде жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін 100-ден астам стартап бар. Ал 2023–2025 жылдар аралығында венчурлық инвестициялар көлемі бес еседен астам өсіп, шамамен 14 млн доллардан 73 млн долларға жетті. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстандағы барлық венчурлық инвестициялардың жартысынан көбі жасанды интеллект жобаларына тиесілі.
Бұл деректер Kazakhstan AI Country Report атты есепте ұсынылған. Аталған құжат – Қазақстандағы жасанды интеллект нарығына арналған алғашқы кешенді талдау. Есепте мемлекеттік стратегия, цифрлық және есептеу инфрақұрылымы, адами капитал, стартаптар, венчурлық инвестициялар және технологияны салаларға енгізу тәжірибелері жан-жақты қамтылған.
Зерттеуді RISE Research аналитикалық агенттігі Mastercard және Freedom Bank-пен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, сондай-ақ GITEX AI Central Asia & Caucasus алаңының қолдауымен дайындаған. Есеп 30-дан астам салалық маманмен жүргізілген терең сұхбаттарға, халықаралық салыстырмалы көрсеткіштерге, 100-ден астам қазақстандық жасанды интеллект стартаптарының бизнес-модельдерін талдауға және технологияны енгізудің 10 нақты тәжірибелік мысалына негізделген.
Есепке сәйкес, Қазақстан цифрландыру кезеңінен өтіп, жасанды интеллектті ауқымды түрде енгізу сатысына қадам басты. Бұл технология ел экономикасының өсуі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі ретінде қарастырылады. Зерттеу авторларының бағалауынша, жасанды интеллектті кеңінен енгізу орта мерзімді перспективада Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің жыл сайын 0,5–2 пайызға өсуін қамтамасыз етуі мүмкін. Бұл өсім жұмыс орындарының жартысынан астамында өнімділіктің артуы есебінен жүзеге асады.
Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун бұл бағыттағы мемлекеттік саясатқа тоқталды:
«Қазақстан жасанды интеллект саласында кешенді әрі институционалдық тұрғыда бекітілген стратегияны жүзеге асырып келеді. Оған жасанды интеллект туралы арнайы заңды қабылдау, Ұлттық AI-платформаны құру, дербес есептеу инфрақұрылымын дамыту, қазақ тіліндегі ірі тілдік модельдерді қолдау, Alem.ai халықаралық AI-орталығын іске қосу және адами капиталды дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар кіреді. Соның нәтижесінде 2025 жылдың өзінде шамамен 1 миллион адам жасанды интеллект бойынша оқудан өтті, ал 2030 жылға қарай 5 миллион азаматты базалық және тереңдетілген AI дағдыларымен қамту жоспарланып отыр», – деді ол.
Есеп авторларының пайымдауынша, қазақстандық жасанды интеллект стартаптарының басым бөлігі қолданбалы B2B-шешімдерге бағытталған және ішкі нарықпен қатар халықаралық деңгейде де жұмыс істейді. Жобалардың ең жоғары шоғырланған бағыттары – корпоративтік жасанды интеллект пен бизнес-процестерді автоматтандыру, Industry 4.0, маркетингтік технологиялар, білім беру және медицина салалары.
2025 жыл жасанды интеллект экожүйесі үшін бетбұрыс кезеңге айналды. Қазақстанда алғаш рет бағалануы 1 млрд доллардан асатын жеке технологиялық компания – Higgsfield AI пайда болды. Сонымен қатар Bridge және Series A кезеңдеріндегі ең ірі мәмілелер тіркеліп, қазақстандық кәсіпкерлер негізін қалаған AI-компаниялардың халықаралық ірі капиталды тартуға қабілетті екенін көрсетті.
Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамалов жасанды интеллекттің экономикалық маңызын атап өтті:
«Mastercard жасанды интеллектті экономикалық трансформацияның негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырады. Бұл есепте біз AI-ды Қазақстандағы бизнес өнімділігін арттыратын және бәсекеге қабілеттілікті күшейтетін практикалық құрал ретінде көреміз. Елде әлемдік деңгейдегі шешімдер ұсынуға қабілетті, өршіл жасанды интеллект экожүйесі қалыптасып келе жатқанын байқап отырмыз және оның белсенді қатысушысы әрі сенімді технологиялық серіктесі болуға ниеттіміз», – деді ол.
Зерттеуде жасанды интеллект экожүйесінің негізгі тіректері – есептеу инфрақұрылымы мен адами капиталға жеке талдау жасалған. Есепке сәйкес, екі жаңа AI-кластердің – Alem.Cloud және «Қазақтелеком» АҚ іске қосқан AI-Farabium жобасының арқасында есептеу қуаты жасанды интеллект дамуына кедергі келтіретін фактор болудан қалып келеді. Бұл кластерлердің жиынтық қуаты шамамен 3,6 экзафлопсты құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде Қазақстанда H100 және H200 деңгейіндегі шамамен 2 мың графикалық процессор пайдаланылуда.
Жасанды интеллектті енгізу қарқыны ең алдымен цифрлық тұрғыда дамыған және деректер қоры ауқымды салаларда байқалады. Атап айтқанда, қаржы секторы, телекоммуникация, электронды мемлекеттік қызметтер, сауда және IT салаларында AI клиенттермен жұмыс істеу, маркетинг және аналитикада кеңінен қолданыла бастады.
Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов бұл үрдіске қаржы секторы тұрғысынан баға берді:
«Венчурлық инвестициялардың өсуі мен алғашқы бірегей компанияның пайда болуы Қазақстанның технологиялық нарығының жетілгенін көрсетеді. Қаржы секторы үшін бұл – күрделі интеллектуалдық өнімдерге көшу деген сөз. Бүгінде банктер жасанды интеллектті тәуекелдерді басқару, алаяқтықпен күрес, деректерді талдау және клиенттік қызмет көрсету бағыттарында пайдаланып келеді. Ауқымды деректер қоры мен жоғары сенімділік талаптары қаржы институттарын бұл технологияларды тәжірибеде қолдануға қолайлы ортаға айналдырады. Инфрақұрылым, реттеу және кадр дайындаумен ұштасқан кезде бұл тәжірибе бүкіл экономикаға серпін береді», – деді ол.
Сонымен қатар мемлекет жасанды интеллектті нақты секторға және әлеуметтік маңызы жоғары салаларға енгізуге стратегиялық басымдық беріп отыр. Олардың қатарында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, энергетика, білім беру және денсаулық сақтау салалары бар.
Есепте нарықтың артықшылықтары мен құрылымдық шектеулері де көрсетілген. Артықшылықтар ретінде жүйелі мемлекеттік қолдау, дербес есептеу инфрақұрылымына инвестициялар, дағдыларды дамыту, экономиканың жоғары цифрлық жетілуі және өсіп келе жатқан стартап-экожүйе аталады. Қосымша фактор – жас әрі білімді халық: 2025 жылы түлектердің 21 пайызы инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық мамандықтарды таңдаған. Алайда жасанды интеллектті кең көлемде дамытуға салалық сапалы деректердің тапшылығы, өңірлер арасындағы инфрақұрылым мен құзыреттердің теңсіздігі, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаржыландырудың аздығы, тәжірибелі мамандардың жетіспеуі және кеш кезеңдерде венчурлық капиталға қолжетімділіктің шектеулі болуы кедергі келтіріп отыр.
RISE Research басқарушы серіктесі Асель Абдрахманова жасанды интеллекттің ел экономикасындағы рөлін былай түйіндеді:
«Қазақстанда жасанды интеллект жеке эксперимент деңгейінен шығып, экономикалық архитектураның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс стартаптардан бастап, корпоративтік шешімдер мен мемлекеттік саясатқа дейінгі барлық деңгейде көрініс табуда. Стартаптар, бизнес және мемлекеттің үйлесімді дамуы – нарықтың жетілгенінің басты белгісі», – деді ол.
Kazakhstan AI Country Report есебі инвесторлар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар үшін жасанды интеллектті ұзақ мерзімді дамыту стратегиясын қалыптастыруда және елді Generative Nation стратегиялық бағыты аясында жаһандық экономикаға ықпалдастыруда маңызды бағдар болмақ.












