Home Кәсіби маман Аналитика TopIQ Smart Class – елдегі оқу үдерісінің жаңа деңгейі

TopIQ Smart Class – елдегі оқу үдерісінің жаңа деңгейі

7

Астана қаласындағы №99 орта мектепте заманауи технологияларды біріктірген және оқу үдерісін сапалық жаңа сатыға көтеруге бағытталған инновациялық білім беру кеңістігінің ресми ашылуы өтті. TopIQ Smart Class пилоттық жобасы Астана қаласы әкімдігі тарапынан енгізілді.

TopIQ Smart Class – өзара біртұтас байланыста жұмыс істейтін smart-үстел, smart-парта және smart-тақтадан тұратын бірыңғай цифрлық экожүйе. Бұл жүйеде жасанды интеллект технологиялары да қолданылады, ол оқу үдерісін автоматтандырып, әр оқушының жеке қабілетіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тиімді, интерактивті әрі жекелендірілген білім беру ортасы қалыптасады.

Сынып 25 smart-партамен жабдықталған. Әрбір парта оқушыға жеке цифрлық жұмыс кеңістігін ұсынады. Оқушылар осы құрылғылар арқылы электронды оқулықтармен жұмыс істейді, тапсырмаларды орындайды, музыкалық аспаптарды меңгереді, сондай-ақ 3D форматында сурет салу мен модельдеу дағдыларын дамытады.

Жасанды интеллект жүйесі оқушылардың үлгерімін талдап, олардың дайындық деңгейіне сәйкес тапсырмаларды автоматты түрде бейімдеп отырады. Smart-парталар арқылы мұғалім әр оқушының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, оқу қарқынын реттеп, қажет кезде дер кезінде қолдау көрсете алады. Сонымен қатар, AI негізіндегі аналитикалық деректер әр баланың оқу барысындағы даму динамикасын объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Smart-тақта сабақтарды толық интерактивті форматқа көшіреді. Ол оқу материалдарын цифрлық түрде сақтап, қайта пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ сабақтарды ойын және жарыс элементтері арқылы өткізуге жағдай жасайды.

Жоба заманауи интерактивті білім беру ортасын қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және жаңа буынның цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.