Home Электроника Қуаттағыш пен пауэрбанк Қытай көлікке орнатылатын әлемдегі алғашқы мобильді атом реакторын сынақтан өткізуде

Қытай көлікке орнатылатын әлемдегі алғашқы мобильді атом реакторын сынақтан өткізуде

6

Қытайда көлік құралына орнатуға арналған, қуаты 10 мегаватт болатын әлемдегі алғашқы ядролық реактордың прототипі сынақтан өтіп жатыр. «Тасымалданатын ядролық энергия көзі» деп сипатталып жүрген бұл әзірлеме жасанды интеллект жүйелеріне арналған орта көлемдегі деректер өңдеу орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Аталған технология электр желілерін тарту немесе отын жеткізу қиынға соғатын аймақтардағы энергиямен қамту мәселесін шешуге бағытталған.

Ядролық энергетикалық қауіпсіздік институты әзірлеген бұл жоба Қытайдың шағын модульдік реакторларды сериялы түрде зауыттарда өндіріп, қажетті жерге орнатуға мүмкіндік беретін кең ауқымды бастамасының бір бөлігі болып табылады. Аталған реактор — ең ықшам үлгілердің бірі. Энергоблок жүк көлігінің кузовына орналастырылған.

Қуаты 10 мегаватт болатын қондырғы жанармай құюсыз бірнеше ондаған жыл бойы жұмыс істей алады. Бұл өз кезегінде шалғай елді мекендер, теңіз кемелері, құтқару операциялары және ғарыш жүйелері үшін кең мүмкіндіктер ашады. Әзірлеуші команда мобильді атом электр станциясын тәжірибеде сынақтан өткізу жолдарын қарастыруда.

SCMP деректеріне сәйкес, жабдық шағын көлеміне қарамастан, жоғары сенімділік талаптарына сай жасалған. Институттың бас ғылыми кеңесшісі У Ицаньның пікірінше, бұл технология тұрақты электр қуатының жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған. Әсіресе, аралдардан бастап орбиталық станцияларға дейінгі шалғай өңірлер үшін оның маңызы зор.

Прототипке жүргізілетін сынақтар оның мәлімделген техникалық сипаттамалары мен қауіпсіздігін растауы тиіс. Егер сынақтар сәтті өтсе, бұл қиын қолжетімді аймақтарды және төтенше жағдайларды энергиямен қамтамасыз ету тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Келесі кезең ретінде құрылғыны одан әрі ықшамдау және қауіпсіздігін арттыру жоспарланып отыр.

Бұл технологиялық серпіліс Қытайдың атом энергетикасы инфрақұрылымын кең ауқымда дамыту үдерісімен қатар жүріп жатыр. Ел билігі бір мезетте шамамен 50 ядролық реактор салуға дайын екенін мәлімдеген. Қытайдың Ядролық энергетика қауымдастығының деректеріне сәйкес, ұлттық атом технологиясы бұрынғы еліктеуден әлемдік стандарттармен тең дәрежеге жетіп, кейбір бағыттарда көшбасшылыққа да шыққан.

Қытай әлемде алғашқылардың бірі болып гибридті ядролық-термоядролық электр станциясын іске қоса алатын елге айналуы мүмкін. Жобаның алғашқы кезеңі басталып кеткен. Қуаты 100 мегаватт болатын станция келесі онжылдықта дайын болады деп күтілуде.

Hitech+

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.