Home Технологиялар Инновациялар Қарағандылық жас робототехниктер Түркиядағы халықаралық олимпиадада жүлдеге ие болды

Қарағандылық жас робототехниктер Түркиядағы халықаралық олимпиадада жүлдеге ие болды

7

Қарағандылық мектеп оқушылары Түркияда өткен робототехникадан халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. Олар ауыл шаруашылығы мен экологияға арналған тың шешім ұсынып, мал қалдықтарын биогазға айналдыратын ақылды биореактор жобасын таныстырды. Бұл жүйе баламалы энергия көзі ретінде пайдалануға болатын биогаз өндіреді, әрі зиянды қалдықтардың атмосфераға таралуына жол бермейді.

Fibonacci Eurasia Robot Olympiad жарысы Анталия қаласында өтті. Оған 11 елден 629 команда қатысты.

Аймақ намысын «Информационные технологии» мектеп-лицейінің оқушылары қорғады. AIDK robotics командасы — Ансар Айткен, Кажымұқан Түсіп және Илья Сон — Green Entrepreneurship Challenge атты шығармашылық санатта екінші орын иеленді.

Жоба идеясы малдан шығатын биоқалдықтарды биогаз бен органикалық тыңайтқышқа айналдыруға негізделген. Биореактор жүйесі заттар температурасын, қышқылдық деңгейін (pH) және газ мөлшерін нақты уақыт режимінде бақылайтын IoT-датчиктермен жабдықталған. Ал жасанды интеллект процесті оңтайландырып, оның тиімділігін арттыруға көмектеседі. Бұл метан шығарындыларын азайтып, фермерлік шаруашылықтарға энергия өндіруге мүмкіндік береді және мал шаруашылығын тұрақты дамытуға жол ашады, — дейді Илья Сон.

Жүйе толық автоматтандырылған: құрылғы барлық үдерісті өзі бақылап отырады, ал деректерді қашықтан, тіпті смартфон арқылы да бақылауға болады.

Arduino арқылы датчиктерден жиналған ақпарат Raspberry Pi жүйесіне түсіп, өңделеді және әрі қарай жіберіледі. Пайдаланушы барлық көрсеткіштерді Telegram-бот арқылы нақты уақытта көре алады. Сол бот арқылы жабдықты қашықтан басқаруға болады: сорғыны қосу немесе температураны өзгерту сияқты әрекеттерді автоматты әрі қолмен режимде орындауға мүмкіндік бар. Жүйеге енгізілген жасанды интеллект деректерді талдап, жұмысты жақсартуға қатысты ұсыныстар береді. Осылайша, үдерісті қашықтан толық бақылауға жағдай жасалған, — деп толықтырды Кажымұқан Түсіп.

Мектеп оқушылары жобаны одан әрі жетілдіріп, нәтижесін жақсартуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Inspire girls командасы да жүлдесіз қалған жоқ. Құрамында бесінші сынып оқушылары Сезім Серік пен Інжу Қаратай бар бұл топ «Қыздарға арналған триатлон» санатында үшінші орынды иеленді. Ал 9-сынып оқушысы Айқын Аблаш жеңіске деген ерекше талпынысы үшін қазылар алқасының арнайы сертификатына ие болды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.