Сәлем, достар!
Бұл апта технологияның қоғам өмірімен қаншалықты тығыз байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір жағынан – Қазақстанда атом электр станциясы салынатыны мәлім болды, екінші жағынан – 16 миллиардтан астам жеке мәліметтің ашық желіге тарап кеткені жұртты алаңдатты. Сонымен қатар, WhatsApp ақылы қызметтер енгізіп, жаңа бағытқа бет бұрса, ASUS компаниясы шығармашылық иелеріне арналған қуатты ноутбук ұсынды.
Сіздерге осы және өзге де маңызды жаңалықтарды топтастырдық. Ендеше, бастайық!
ASUS ProArt P16 – шығармашылықпен айналысатын кәсіпқойларға арналған сенімді серік

ASUS ProArt P16 – шығармашылықпен айналысатын жандарға арналған сенімді серік. Сырттай қарағанда жинақы, мінсіз стильге ие, ал ішкі қуаты кез келген күрделі жобаны еңсеруге жетеді. Видео өңдейтін, графикамен жұмыс істейтін не жол үстінде жүріп-ақ өнімділікті жоғалтпай еңбек еткісі келетіндер үшін бұл құрылғы – таптырмас көмекші. Бар зейініңізді жұмысқа бағыттап, ойыңызды бөлмей шығармашылыққа еркін енуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғымен жұмыс істеу – шабытпен серіктес болу секілді.
Samsung жаңа Ultra үлгісін таныстыруға дайын
Samsung бұл жолы жай ғана жаңартылған модель емес, мүлде басқа деңгейдегі жаңалыққа дайындалып жатқандай. Samsung бұл жолы жай ғана жаңартылған модель емес, мүлде басқа деңгейдегі жаңалыққа дайындалып жатқандай.
Ресми ақпарат әзірге аз, алайда компания таратқан жұмбақ хабарламалар жұртты қызықтырып үлгерді. Жаңа Ultra — технологиядағы жаңа бетбұрыстың бастауы болуы әбден мүмкін.
Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады
Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салу үшін ресейлік «Росатомды» таңдап отыр. Бұл — ел үшін тарихи шешім. Бір жағынан, жоғары технологиялар мен тұрақты энергия көзіне қадам десе болады. Екінші жағынан, кей сарапшылар бұл қадамды тәуелділікке бастайтын жол деп бағалап отыр. Көпшілікті мазалаған сауал — мұндай күрделі жобаны неге дәл осы компания жүзеге асырады?

Энергетика саласына қандай серпін береді? Бұл шешімнің еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне әсері қандай? Сарапшылардың пікірлері мен қоғамда туындаған сұрақтардың жауабын мына материалдан оқи аласыз.
Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау
Қазақстанда смартфондарды тіркеу – заң талап ететін қарапайым рәсім. Алайда соңғы уақытта бұл қызмет айналасында дау көбейді. Себебі IMEI тіркеу үшін алынатын ақы – жеке компаниялардың табыс көзіне айналған. Бұл шынымен де мемлекеттік қызмет пе, әлде жекенің бизнесі ме деген сауал туындайды.

Бұл рәсім — қарапайым мемлекеттік қызмет іспетті көрінгенімен, іс жүзінде жеке компанияларға табыс әкелетін тетікке айналған. Бұл жүйенің қалай пайда болғаны, кімге тиімді екені белгісіз күйінде қалып отыр. Ал көпшілік бұл тіркеу процесінен пайда көріп отырған тарапты білгісі келеді.
Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарға жаңа талаптар күшіне енеді
Күзбен бірге бақылау да күшеймек. Қыркүйектен бастап банк картасына жиі түсетін ақша назарға алынады. Достарына анда-санда қаражат жіберетіндерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ түрлі адамдардан жиі қаржы алатын болсаңыз, «Бұл ақша кімнен келді? Не үшін жіберілді?» деген сұрақтарға дайын болыңыз. Түсініктеме беруге тура келеді. Әзірге нақты талаптар белгіленген жоқ, дегенмен жүйелі аударымдар салық саласына күдік тудыруы мүмкін.
WhatsApp қосымшасына жарнама мен ақылы функциялар енгізіледі
Meta компаниясы WhatsApp мессенджерін табыс көзіне айналдыруға кірісті. Қолданушылар арна ашып, жазылушыларын көбейту үшін жарнамаға ақша төлей алады. Сонымен қатар, жаңа ақылы мүмкіндіктер енгізіліп, арнайы ұсыныстар тек жазылым арқылы қолжетімді болады. Бұл өзгерістер WhatsApp-ты жай ғана байланыс құралы емес, іскерлік қатынастар мен жарнама кеңістігіне айналдыруды көздейді.
Цифрлы әлемдегі ең ауқымды дерек таралымы: 16 миллиард жазба ашық кеңістікте
Желі қолданушыларының жеке ақпараты тағы да қауіп астында. Сарапшылар тарихтағы ең ауқымды дерек таралымы тіркелгенін хабарлады. Ашық кеңістікке бір мезетте 16 миллиард жазба тарады. Бұл – Facebook, Google, Apple секілді ірі платформалардағы пайдаланушылардың деректері.

Мәселе – тек таралған ақпараттың көлемінде емес. Ең бастысы – мұндай ауқымдағы оқиға қолданушылардың қаншалықты қорғансыз екенін көрсетті. Қандай мәліметтер тарап кетті? Бұл кімдерге пайдалы болуы мүмкін? Және енді не істеу керек?
Egov Mobile арқылы полицияға тікелей жүгінуге болады
Бұрын құқық қорғау органдарына шағымдану үшін сағаттап кезек күтіп, құжат жинауға тура келетін. Енді бұл үрдіс анағұрлым оңай әрі жылдам. Қазір полицияға тікелей шағымды Egov Mobile қосымшасы арқылы жолдауға болады.

Келесі аптада қайта жүздескенше! Техника сізге қызмет етсін, ал шешімді өзіңіз қабылдаңыз.