Home Ақша Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

12

2025 жылдың наурыз айының соңынан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеудің жаңа тәртібі енгізілді. Енді елге әкелінген барлық смартфон IMEI-коды арқылы міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бұл қызметтің құны – әр құрылғы үшін 3 932 теңге. Алайда қоғам назарын аудартқан жай – тіркеудің өзі емес, одан түскен қаражаттың мемлекеттің есебіне емес, жеке компания – «ATS Mediafon KZ» ЖШС-нің шотына бағытталуы болды.

Ресми деректерге сүйенсек, бұл компания 2023 жылдың сәуір айында тіркелген. Оның жалғыз құрылтайшысы – Владислав Сафаров. Ашық дереккөздерде аталған ұйымның байланыс саласына қатысты лицензиясы немесе жеке деректермен жұмыс істеу құқығы бар екені көрсетілмеген. Сондай-ақ IMEI-кодтарды тіркеу жобасы басталғанға дейінгі салықтық белсенділігі туралы мәлімет жоқ. Соған қарамастан, дәл осы компания азаматтардың ЖСН-ы мен құрылғылардың сәйкестендіру кодтары сияқты деректерін жинауға және тіркеу үшін төлем қабылдауға мүмкіндік алған.

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Жаңа жүйенің ашықтығы мен заңдылығына алғашқылардың бірі болып күмән келтірген – Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы. Ол бұл мәселе бойынша премьер-министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдап, осы күнге дейін нақты жауап ала алмай келе жатқан бірнеше маңызды сұрақты көтерді. Атап айтқанда, тіркеу қызметінің операторы қалай таңдалды? Жеке компанияға азаматтардың деректерін жинау құқығы қандай негізде берілді? Ал 3 932 теңге мөлшеріндегі қызмет құнын кім және неге бекітті?

«Мемлекет атқаратын маңызды міндет ашық байқаусыз, ресми рұқсатсыз жекеменшік компанияның иелігіне өткен. Бұл қарапайым техникалық қызмет емес – кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар төлеуге мәжбүр болатын алым. Оның үстіне, жыл сайын Қазақстанға 4 миллионға жуық смартфон әкелінеді. Демек, бір ғана компанияның қалтасына кемі 15 миллиард теңге түсіп отыр. Ал мемлекет ше? Цифрлық даму министрлігінің өз дерегіне сүйенсек, бұл жүйеден ел қазынасына бір тиын да түспейді», – деді депутат.

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Қоғам белсенділері бұл жағдайды ескі жүйенің жалғасы деп бағалап отыр. Павел Александров болса, бұл бастаманы утилизациялық алыммен салыстырды.

«Тағы да міндетті төлем, тағы да есеп-қисапқа қолжетімділік жоқ, тағы да бәрі жеке компанияның пайдасына шешілген. Бұған дейін де осыған ұқсас жүйелер дау туғызып, соңы қылмыстық істерге, кейбір шенеуніктердің қызметтен кетуіне дейін барған еді», – деп түсіндірді ол.

Қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова да бұл мәселе жөнінде өз пікірін білдірді. Facebook-тегі «IMEI – табыс көзіне айналды: Цифрлық даму министрлігі бір компанияны бүкіл елдің есебінен асырап отыр» деген жазбасында қоғамның бұған дейін қайта утильалым мен РОП тәрізді көлеңкелі бастамалардан шаршағанын, енді соған ұқсас, бірақ цифрлы форматтағы жаңа жүйеге тап болғанын айтты.

«Сырттай қарасаң – ел қауіпсіздігі үшін қолға алынған жоба сияқты. Бірақ шын мәнінде бұл – мемлекеттік қызметтің жеке компания пайда көретін құралға айналғанының көрінісі», – деп жазды Әбенова.

Оның айтуынша, Қазақстан шенеуніктері сілтеме жасайтын кей елдерде IMEI тіркеу жүйесі мүлде басқаша жұмыс істейді. Мысалы, Түркияда төлем тікелей мемлекет бюджетіне түседі. Әзірбайжанда – салық қызметі арқылы жүргізіледі. Ал Қазақстанда бұл қызметке кім жауапты екені беймәлім: лицензиясы жоқ, тендер де өткізілмеген, мемлекет пен жекенің серіктестігі де қарастырылмаған.

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова бұл жүйені «утильалымның жаңа нұсқасы» деп атап, оның заңды негізі күмәнді екенін алға тартты. Айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік немесе концессия рәсімі жүргізілмеген, ашық конкурс та болмаған. Қызметті атқарып отырған компанияның дербес деректермен жұмыс істеуге заңды рұқсаты бар ма, жоқ па – ол да белгісіз. Аудит жасалмаған, ал тарифтің қалай және кімнің шешімімен бекітілгені мүлде ашық емес. Белсендінің сөзінше, тіпті депутаттардың өздері де бұл жүйе жайлы толық мәлімет ала алмай жүр.

Қоғам пікірі

Жаңа жүйенің енгізілуі қоғамда қызу талқы туғызып, әлеуметтік желілерде наразылық толқыны өршіді. Көпшілік түсінбей, күмән мен ашуға толы пікірлерін ашық жазып жатыр.

Желі қолданушылары бұл бастаманы «жөнсіз шешім» деп атап, оны кезінде дау тудырған утильалыммен салыстырып, жаңа салықтың түрі ретінде қабылдауда.

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Цифрлық даму министрлігінің жауабы

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қызмет көрсетушіні таңдау заң аясында жүргізілгенін мәлімдеді. «Власть» сайтының жазуынша, ATS Mediafon KZ компаниясы бұл бастамаға өзі ниет білдіріп, мемлекеттік деректер базасымен интеграциясы бар үміткерлер арасынан іріктеуден өткен. Министрлік бұл ретте тендер өткізілмегенін, заң бойынша ІТ-жүйе иелеріне мұндай талап қойылмайтынын алға тартты.

Қызмет құнына қатысты да түсініктеме берілді. Министрлік өкілдері бұл — салық та, мемлекеттік баж да емес, азаматтық-құқықтық келісім негізінде атқарылған жұмыс үшін төленетін сыйақы деді. Сонымен қатар, ведомство IMEI-кодты тіркеу нарығы болашақта монополияға айналмайтынын айтып, бұл салаға өзге компаниялардың да қосыла алатынын жеткізді.

Қоғам талабы

Күшейген қоғамдық қысым жағдайында депутаттар мен белсенді ұйымдар қазіргі жүйені уақытша тоқтатуды және тіркеу қызметін мемлекетке қайтаруды ұсынып отыр. Айтылған ұсыныстар қатарында: компания табысын тексеру үшін аудит жүргізу, іріктеу талаптары мен қаржылық есептерді жариялау, заңбұзушылық анықталған жағдайда азаматтарға қаражатты қайтару және бұл қызметті eGov платформасына кіріктірілген ресми мемлекеттік сервис ретінде заңдық тұрғыда бекіту бар.

Сенім мен сұрақтың арасында

Мемлекеттік қызмет пе, жеке бизнес пе? Смартфон тіркеу айналасындағы дау

Қазір қоғамда «цифрландыру» ұғымы жаңа мүмкіндік емес, түсініксіз шешімдер мен күмәнді келісімдердің синониміне айналып бара жатқандай. Ескі құрылғыны қайта қосқаны үшін төлем талап ету – көпшілікті тығырыққа тіреп, сан сауалға жетеледі.

Тариф қалай есептелді? Бұл жүйеге неге жеке компания жауапты? Жеке деректердің қауіпсіздігіне кім кепіл? Ең бастысы – мұндай маңызды бастама неге қоғаммен ақылдаспай жүзеге асты?

Жауапсыз қалған осы сұрақтар халықтың сенімін әлсіретіп отыр. Бұған дейін дау тудырған утильсбор тәжірибесі секілді, бұл реформа да цифрландырудың шын мәнінде кімге қызмет ететініне күмән туғызуда.

Қоғамдық сенім – кез келген реформаның тірегі. Ал ашықтық пен түсіндіру жұмысы еленбей қалса, ең озық бастама да қарсылыққа ұшырауы мүмкін.