Home Ақша Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарға жаңа талаптар күшіне енеді

Қыркүйектен бастап мобильді аударымдарға жаңа талаптар күшіне енеді

8

Қыркүйек айынан бастап Қазақстанда жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер енгізіледі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, бақылау тек үш белгі бір уақытта байқалған жағдайда ғана жүргізіледі. Біріншісі — үш ай ішінде бір адамның атына жүз түрлі адамнан ақша аударылса. Екіншісі – сол аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса. Үшіншісі – ақша жиі әрі жүйелі түрде түсіп отырса. Қазір осы соңғы белгі бойынша Ұлттық банкпен бірлесіп нақтылау жұмыстары жүріп жатыр.

«Мәселен, анасы баласына не ағайындылар бір-біріне ақша аударса, ешқандай мәселе туындамайды. Ең бастысы – бұл үш шарт қатар орындалмауы керек. Шыны керек, бір адамға жүз туысының тұрақты түрде ақша аударып отыруы – өмірде сирек кездесетін жағдай», – деді Ержан Біржанов.

Қазіргі таңда бұл талаптардың шегі нақты көрсетілген құжат әзір. Ол Парламент қабылдаған заң жарияланғаннан кейін 60 күн ішінде күшіне енеді. Демек, жаңа талаптар биылғы қыркүйектен бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.

Мемлекеттік өзгерістердің мақсаты – жеке аударымдарды желеу етіп, салық төлеуден жалтарып жүрген кәсіпкерлік қызметті анықтау.

Асхат Оразов