Home Технологиялар Ғаламтор және желі Мемлекеттік қызметкерлер киберқауіпсіздік негізін меңгереді

Мемлекеттік қызметкерлер киберқауіпсіздік негізін меңгереді

15

Маусым айының соңына дейін Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарында қызмет ететін мамандар citizensec.kz платформасында арнайы онлайн-оқудан өтіп, киберқауіпсіздік саласындағы білімін жетілдіреді.

Бұл бастама – мемлекеттік қызметкерлер арасында цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырып, адам факторынан туындайтын қатерлердің алдын алуға бағытталған.

Оқу бағдарламасы 7 сағаттық бейнематериалдан тұрады. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу сынды маңызды тақырыптар қамтылған. Курстар өз бетінше оқуға ыңғайлы форматта әзірленіп, материалдар мемлекеттік органдардың мамандарына да, басшылық құрамына да бейімделген. Ал басқарушы лауазым иелері үшін ақпараттық қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыруға арналған арнайы әдістемелік ұсынымдар қарастырылған.

«Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаты – бұл жай ғана қауіпсіздік негіздерін білу емес, бұл бүкіл мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімді тірегі. Біз саналы әрі қауіпсіз цифрлық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды көздеп отырмыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган өкілі.

Оқу бағдарламасына мыңдаған қызметкер қатысады. Олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптің алдын алу бағытындағы тұрақты жұмыстардың бір бөлігі. Онлайн-курстардан бөлек, офлайн семинарлар мен тренингтер, сондай-ақ түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде.

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, киберкеңістіктегі оқыс оқиғалардың 80%-ына дейінгісі – адам қателіктерінен туындайды. Сондықтан қолданушылардың ақпараттық қауіпсіздік туралы сауатын арттыру – цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.

citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Ол ақпараттық қауіпсіздік бойынша мамандарды даярлауға арналған заманауи талаптарға толық сай келеді.

Киберсауаттылықты арттыру – қауіпсіз цифрлық кеңістік құруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам. Қолданушының білім деңгейі жоғары болған сайын, күн сайын миллиондаған қазақстандыққа қызмет көрсететін мемлекеттік цифрлық жүйелер де соғұрлым сенімді жұмыс істейді.