Home Технологиялар Ғаламтор және желі WhatsApp-та жарнама мен ақылы функциялар енгізіледі

WhatsApp-та жарнама мен ақылы функциялар енгізіледі

11

Meta компаниясы он жыл бұрын 19 миллиард долларға сатып алған WhatsApp мессенджеріне алғаш рет жарнама орналастыруды қолға алды. The Bell басылымының хабарлауынша, енді жарнамалық хабарламалар «Жаңартулар» (Updates) бөлімінде көрінеді. Бұл – пайдаланушылар өзге арналардың жаңалықтарымен танысып, қысқа жазбалар мен хабарламаларды көретін бөлім.Компания мәліметінше, бұл бөлім күн сайын шамамен 1,5 миллиард рет ашылып, қаралады.

Жаңашылдықтар мұнымен шектелмейді. Енді канал иелері өз парақшаларын ақылы түрде ілгерілетіп, жазылым сатуға мүмкіндік алады. Meta әрбір төлемнен 10% комиссия ұстап қалуды жоспарлап отыр. Бұл – жарнамасыз, жабық платформа ретінде танылған мессенджерді кең ауқымды монетизациялауға бағытталған алғашқы қадам.

Алайда WhatsApp-та жарнама басқа платформалардағыдай жеке деректерге сүйеніп ұсынылмайды. Жарнама алгоритмдері тек қосымшаның тіліне, елге және пайдаланушы жазылған арналарға қарап жұмыс істейді. Жеке хат-хабарлар мен қоңыраулардың мазмұны талданбайды және мүлде пайдаланылмайды.

Сондай-ақ, егер сіз WhatsApp мессенджерін Facebook немесе Instagram желісіндегі парақшаңызбен байланыстырмасаңыз, Meta басқа платформалардағы жеке деректеріңізге мүлде қол жеткізе алмайды.

Компания WhatsApp-ты табыс көзіне айналдыруға бірден кіріскен жоқ және қосымшаны әрқашан жеке және қауіпсіз байланыс құралы ретінде сақтауға тырысқан. Алайда қазіргі уақытта жасанды интеллект бағытындағы ауқымды инвестициялар мен технологиялық жарыс қосымша табыс көздерін қажет етіп отыр.