Home Аналитика Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

6

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресми түрде бастау алды. 20 маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан мен Ресей АЭС салу жөніндегі жоспарды бекітті. Құжаттарға Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сатқалиев пен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының жетекшісі Алексей Лихачев қол қойды.

Келісім аясында 2025-2027 жылдары аралығында инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, жобалық құжаттама әзірленбек. Сонымен қатар EPC-келісімшарт жасасу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін. Дегенмен, алғашқы энергоблок сегіз жылдың ішінде іске қосылады деген болжам бар. Бұл міндетті бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі өнім жеткізуші компанияларға жүктеген болатын.

Қазіргі есеп бойынша, атом станциясының құрылысы шамамен 10–12 млрд доллар тұрады. Бір энергоблоктың орташа құны — 5 млрд доллар. Ал негізгі үкіметаралық келісімдер мен келісімшарттар 2025 жылдың қарашасында жасалады деп күтілуде.

«АЭС салу — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің стратегиялық қадамы. Бұл жоба бойынша серіктестерімізбен ашық әрі сенімді ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз», — деді Алмасадам Сатқалиев.

«Қазақстан аумағында атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумға жетекшілік етуге сенім білдіргені үшін Қазақ халқына алғысымызды білдіреміз. Қазақстан – атом энергетикасы саласындағы сенімді әрі тарихи әріптесіміз. Өз тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген ресейлік ядролық технологиялар қазақ халқына қызмет етіп, елдің энергетикалық дербестігін нығайтады деп сенеміз», – деді «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.

2024 жылғы қазанда Қазақстанда алғаш рет атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өткен болатын. Дауыс берген азаматтардың 71,12 пайызы бұл бастаманы қолдап, АЭС құрылысына келісімін білдірді. Елдегі электр тапшылығын шешу көзделген станция Алматы облысындағы Үлкен ауылында, Балқаш көлінің жағалауында бой көтермек.

Мердігер таңдау

«Росатом» – Ресейдің мемлекеттік атом энергетика корпорациясы. Оның құрамында атом саласына қатысты 450-ден астам кәсіпорын мен ғылыми ұйым бар. Мұнда 400 мыңнан астам адам еңбек етеді. Корпорацияға Ресейдегі барлық азаматтық атом кәсіпорындары, ядролық қару кешенінің өндірістік базасы, ғылыми-зерттеу мекемелері мен атом мұзжарғыш флоты кіреді.

Бүгінде «Росатом» Ресейдегі атом станцияларын басқарып қана қоймай, әлем бойынша ең ірі АЭС құрылысы портфеліне ие. Қазіргі таңда 10 елде түрлі кезеңде жүзеге асып жатқан 39 энергетикалық блок (оның ішінде 6-уы – шағын қуатты блок) бар.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

«Росатом» жетекші ядролық технология өндірушілер арасындағы байқауда басымдыққа ие болды. Ресейлік холдинг байқауда Қытайдың CNNC (екінші орын), Францияның EDF және Оңтүстік Кореяның KHNP (үшінші орын) компанияларынан озық шықты. Сарапшылардың айтуынша, таңдау әлемдік деңгейдегі технологиялық серіктестердің техникалық және әлеуметтік-экономикалық ұсыныстарына кешенді талдау жүргізу нәтижесінде жасалды. Бағалауға халықаралық мамандар да тартылған.

Компаниялар қазақстандық тарапқа жобаның болжалды құны, құрылыс мерзімі, қаржыландыру үлгісі, жабдықтар мен жұмыс күшін жергілікті деңгейде тарту тәсілдері, мамандарды даярлау және ғылым мен білім саласында әріптестік орнату сынды маңызды бағыттарды қамтитын толық ұсыныстар пакетін ұсынды. Сонымен қатар, ядролық отын айналымы мен әлеуметтік міндеттемелер мәселелері де ескерілді.

Аталған ұсыныстарды Премьер-министрдің төрағалығымен жұмыс істейтін Атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия қарап, еліміз үшін барынша тиімдісін таңдаған. «Росатомның» ұсынысы заманауи қауіпсіздік стандарттарына сай келетін технологиялар мен қаржыландыру шарттары жағынан ең ұтымды деп танылды.

Қазірдің өзінде Ресей тарапымен жеңілдетілген шарттармен мемлекеттік экспорттық кредит тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қаржы реактор, бу генераторлары, сорғылар сынды негізгі жабдықты сатып алуға және құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады.

Қазақстан тарапынан жобада жергілікті материалдарды кеңінен қолдану, сондай-ақ отандық кадрлармен жұмыс істеу көзделген. Құрылысқа қажетті жұмыс күшін немесе материалдарды Ресейден тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылды. Сол себепті станцияны салуға отандық құрылысшылар мен мамандар тартылатын болады.

Мамандарды даярлау – басты басымдық

Мамандардың айтуынша, бұл жоба тек энергетика саласына ғана емес, елдегі ғылыми-техникалық әлеуетті нығайтуға да серпін береді. АЭС жобасы аясында ядролық технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандар даярланып, Қазақстанның ядролық ғылымы мен біліміне жаңа тыныс беріледі.

«Қазірдің өзінде Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университетінің Қазақстандағы филиалы ашылды. Көптеген қазақстандық студенттер Ресейде білім алып жатыр. Біз ғылым мен білім саласында тығыз байланыс орнатып келеміз», – деді «Росатом» бас директоры Алексей Лихачёв.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теоретикалық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішевтің айтуынша, атом энергетикасын дамыту бұл салада қажет мамандардың санын арттыруға алып келеді.

«Елімізде ядролық технологиялармен айналысатын адамдар бар, алайда олардың санын көбейту қажет. Себебі дамыған мемлекет болу үшін ядролық технологиялармен айналысатын ғалымдар саны жеткілікті болуы керек. ҚазҰУ-де «Атом энергетикасы» мамандығы ашылған. Бұл – болашақта ядролық технологиялар саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын бағыт. Қазір ол жерде осы салаға қызығушылық танытатын жастар білім алып жатыр», – деді М. Әбішев.

Ресей мен Қытайдың негізгі артықшылықтары

Сондай-ақ Қазақстанның Атом энергетикасы агенттігі «Росатомның» басқа компаниялардан озып шығуына мүмкіндік берген бірнеше маңызды белгілерін атап өтті. Агенттік қытайлық корпорацияның да бірқатар жағымды тұстарына тоқталды.

  1. «Росатом» – ядролық технологиялардың негізін қалаған елдің компаниясы, атом саласында ең дамыған әрі тәжірибелі мектепке ие.
  2. Техникалық тұрғыда барлық реакторлардың жобалық қызмет ету мерзімі – 60 жыл. Алайда APR1000 (Корея) және EPR1200 (Франция) реакторларының нақты пайдаланылу тәжірибесі жоқ. Ал ресейлік ВВЭР-1200 мен қытайлық HPR1000 реакторлары қолданыста бар.
  3. Ресей мен Қытай өз елдерімен қоса, шетелдерде 20-дан астам реактор салып жатыр. Ал Франция мен Кореяда APR1400 (Корея), APR1000 (Чехия) және EPR1600 (Ұлыбритания) технологиясы бойынша әрқайсысында екі реактор ғана салынуда.
  4. Ресей мен Қытай халықаралық консорциумдар жұмысына кеңінен қатысып жүр, сондықтан түрлі өндірушілердің жабдықтарын бір жоба аясында тиімді біріктіру тәжірибесіне ие.
  5. Қазіргі таңда тек Ресей мен Қытай толық қызмет көрсету кешенін өз бетінше ұсына алады: қаржыландырудан бастап ядролық отын циклының түрлі кезеңдерін жергіліктендіруге, кадр даярлау, жобалау, құрылыс, пайдаланылған ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеуге дейінгі қызметтер.
  6. Ресей шетелде АЭС салу бойынша үлкен тәжірибеге ие – Қытай, Түркия, Бангладеш, Беларусь, Үндістан, Иран және Мысырда 20-дан астам реактор салған. Бұл – ұлттық талаптарға бейімделу мен жергілікті өндіріс орындарымен тығыз жұмыс жасауға байланысты күрделі процестерді қамтитын тәжірибе.
  7. Ресей мен Қытай халықаралық консорциумдарда белсенді жұмыс істеп, түрлі елдердегі өндірушілердің жабдықтарын бір жобада тиімді ұштастыра алады.

«Әлемдегі алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы Обнинск қаласында іске қосылды. Сонымен қатар, жылдам нейтрондарда жұмыс істейтін алғашқы өнеркәсіптік реактор – БН-350 ресейлік технология бойынша Каспий теңізінің жағасында орналасқан Ақтау қаласында салынғанын атап өткен жөн. Техникалық сипаттамасына келсек, барлық реакторлардың жобалық қызмет ету мерзімі – 60 жыл. Алайда APR1000 (Корея) және EPR1200 (Франция) реакторлары әлі күнге дейін нақты пайдаланылмаған. Бұл жағынан ресейлік ВВЭР-1200, қытайлық HPR1000 және кореялық APR1400 реакторларының тәжірибесі мол. Тағы бір маңызды жайт – Ресей мен Қытайда ғана емес, шетелде де 20-дан астам реактор салынып жатыр.

Ал Франция мен Корея өз елдерінде APR1400 технологиясы бойынша және Чехияда APR1000, Ұлыбританияда EPR1600 жобаларымен екі реактордан салып жатыр», – деп хабарлады Агенттік баспасөз қызметі.

Саяси қырлары

Кейбір елдерде санкциялық қысымның күшеюі мүмкін деген тәуекел де назардан тыс қалмаған. Алайда соңғы мәліметтерге сәйкес, «Росатом» санкциялық тізімге енгізілмеген.

«Бұл мәселеге қатысты бізде арнайы шарттық тетіктер қарастырылған. Оларды қазақстандық компаниялар өзге жобаларда да қолданған. Мысалы, тиісті санкциялық ережелер мен өзге де құқықтық құралдарды пайдалану мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әлеуметтік-гуманитарлық қажеттіліктер мен климат мәселелерімен байланысты атом энергетикасы санкциялық тізімдерге енгізілмеген. Барлығы атом электр станциясы Қазақстан аумағында салынып, халықаралық компаниялардың қатысуымен іске асатынын және толықтай Қазақстанға тиесілі болатынын жақсы түсінеді. Қалай болғанда да, бұл жобаның түпкілікті бенефициары – Қазақстан», – деп түсіндірді агенттік. Сондай-ақ, геосаяси тепе-теңдікке қатысты Қазақстан тарапы бейтарап ұстанымды сақтайтыны атап өтілді: консорциум өзге технологиялық шешімдерге де ашық, ал негізгі шешімдер ұлттық мүдделер мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, ведомствоаралық деңгейде қабылданады.

Агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, болашақ атом станциясының иесі, операторы, уран шикізатының өндірушісі және барлық технологиялық процестерге ие тарап – Қазақстан Республикасының өзі болмақ.

«Қазақстанның алғашқы атом электр станциясы толықтай пайдалануға берілген соң, бірден еліміздің меншігіне өтеді. Ресейге технологиялық жағынан тәуелділік тәуекелі өте төмен, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Мұның бәрі келісімшартта нақты белгіленген», – деді Сәтқалиев.

Оның айтуынша, бұл жобаның арқасында елімізде толыққанды атом кластері қалыптасады. Ол тек шикізат өндірумен ғана емес, отын өндіруге дейінгі барлық процестермен толық қамтамасыз етіледі.

«Росатомды» серіктес ретінде таңдау – бұл жобадағы соңғы әрі өзгермейтін шешім. Бұл таңдау сараптамалық бағалау негізінде қабылданып, Ведомствоаралық комиссия деңгейінде мақұлданған. Сонымен бірге бұл шешімге француздық Assystem консалтингтік компаниясы да қатысқан. Аталған компания алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстандағы атом станциялары жобасына техникалық кеңесші ретінде қатыспақ.

Компания өкілдерінің айтуынша, Assystem Қазақстандағы КНЭС-пен тығыз жұмыс істейді. Ол жобалау, басқару және құрылыс процесіне кешенді техникалық қолдау көрсетеді. Assystem бұған дейін атом энергетикасын енді ғана қолға алған Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Түркия сынды елдермен табысты жұмыс істеген.

Сарапшылардың пікірі

«Росатомның» ұсынысын еліміз үшін «ең құрылымдалған әрі пісіп-жетілген» жоба деп атады «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев. Оның айтуынша, бұл таңдау кешенді әдістеме негізінде, халықаралық кеңесшілердің қатысуымен және қауіпсіздік, мерзім, қаржыландыру, жергіліктендіру, кадр даярлау мен пайдаланудағы тәжірибе секілді бірқатар критерийлер бойынша жасалған.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

Сарапшының айтуынша, құрылыс барысында ашықтық пен қоғамдық бақылау аса маңызды. «Жоба барысы жөніндегі тұрақты әрі ашық есеп беру, тәуекелдерді талқылау және сарапшылар қауымдастығымен диалог жүргізу – қоғам тарапынан сенімсіздік пен алып-қашпа әңгімелердің алдын алуға көмектеседі. Бұл – халық сенімінің кілті», – деп есептейді Ж. Хайрушев.

Қазақстан үшін атом электр станциясын салуда Ресейден артық әріптес жоқ. Бұл пікірді ҚР Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, бұрынғы министр кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов айтты.

«Екі энергоблок үшін шамамен 15 миллиард доллар қажет деп ойлаймын. Озық әрі сенімді технологиясымен қатар, бұл – Ресей, Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның (мұнда шағын АЭС салу жоспарланған) энергетикалық жүйелерінің ұзақ мерзімді және тұрақты жұмысы үшін де маңызды шешім. Сонымен қатар, бұл Ресейдің алдағы уақытта да еліміздегі энергия тапшылығын жабуға көмектесетінін білдіреді. Мәселен, өткен желтоқсанда тапшылық 2,2 ГВт-тан асты. Бұл – екі реакторлы АЭС-тің қуатына тең», – деді сарапшы.

Байділдинов сондай-ақ құрылыс барысындағы басқару үшін тілдік фактордың да маңыздылығын атап өтті. «Мысалы, Түркияда АЭС құрылысы қызған кезде онда 25 мың адам жұмыс істеді. Мұндай ауқымды жобада бір тілде сөйлей алатын екі елдің артықшылығы – өте маңызды», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның бұл таңдауын тек экономикалық шешім деп қарастыру керек, саяси астары жоқ.

Алайда экономист Марат Абдурахманов бұл шешімді керісінше – таза саяси, экономикалық негізсіз қабылданған таңдау деп санайды. «Сондықтан бұл жерде экономикалық негіз бар деудің өзі – орынсыз. Мен үшін тендерді “Росатомның” ұтқаны – күтпеген жаңалық емес», – деді ол.

Осы пікірді энергетик, экономист, KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Асет Наурызбаев та қолдайды. Ол да бұл шешімді бұрыннан белгілі формалдылық деп бағалайды. «Бұл шешім 2019 жылдан бері күтілген еді. Бұл – таза саяси шешім», – дейді ол.

Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев болса, Қазақстанның «Росатом» жобасын таңдауы – технологиялық артықшылық пен екі ел арасындағы ынтымақтастық тәжірибесін ескере отырып жасалған шешім деп санайды. Ал Қазақстанның құрметті энергетигі Петр Свойик бұған дейін-ақ «ең ықтимал вендор – дәл осы “Росатом”» екенін бірнеше рет атап өткен.

«Олардың технологиялық мүмкіндігі жоғары және кешенді құрылыс жүргізу бойынша ең тиімді шарттарды ұсына алады. Қазақстанға “Росатоммен” ынтымақтастықты дамыту қажет, себебі бізге қажетті машина жасау құзыреттерін тек осылай ғана меңгеруге болады. Бұл – ұлттық экономиканы дамыту жолындағы бірден-бір мүмкіндік. Ресеймен бірлескен машина жасау кластерін қалыптастыру – ең тиімді нұсқа», – дейді Петр Свойик.

Сарапшының ойынша, АЭС құрылысына сырттан несие немесе инвестиция тартпай-ақ, Қазақстан бұл жобаны өз күшімен қаржыландыра алады. Ол бұл үшін алтын, уран сатудан түсетін табыс пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануды ұсынады. Бірақ, оның айтуынша, жобаның іске асу қарқынына немесе уақытылы аяқталуына кедергі болатын жалғыз себеп – «Росатомның» қазіргі жүктемесі мен Ресейдің өз атом саласын кеңінен дамыту жоспары болуы мүмкін.

Ресейдің Энергетика және қаржы институтының экономика департаменті басшысының орынбасары Сергей Кондратьевтің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-инженерлік мектебі, техникалық стандарттары мен нормалары – ортақ. «АЭС – күрделі технологиялық жоба. Шетелдік компаниялар жиі өз жабдықтарын жобаның талаптарына бейімдеуге көп уақыт пен ресурс жұмсайды. Ал Қазақстан мен Ресей жағдайында мұндай кедергілер аз – біз бір тілде сөйлейміз, біртұтас нормалармен жұмыс істейміз. Бұл – уақыт пен қаржыны үнемдеуге сеп», – дейді сарапшы Sputnik.kz порталына берген сұхбатында.

Ресейлік Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші сарапшысы Игорь Юшков та АЭС құрылысы Қазақстанның Ресейге тәуелділігін арттырмайды деп санайды. Керісінше, екі елдің энергетика саласындағы өзара байланысы – өзара тиімді.

«Қазақстан – уран қоры мен өндіру көлемі бойынша әлем көшбасшысы. Газ генерациясын дамытсақ, Қазақстан Ресейге тәуелді болады дейді. Бірақ бұл жерде Ресей де қазақстандық нарыққа тәуелді. Бұл – өзара тәуелділік. Сол секілді атом энергетикасында да – “Росатом” қазақстандық уран жеткізілімдеріне тәуелді. Мәселе – Қазақстанда дайын ядролық отынды өз бетінше шығаратын технология әзірге жоқ», – дейді сарапшы.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: жобаны «Росатом» жүзеге асырады

Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының сарапшысы, Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің ғылыми қызметкері Станислав Митрахович «Еуразия Эксперт» порталына берген сұхбатында Қазақстанның «Росатомды» таңдауы – орынды әрі салмақты шешім екенін айтты.

– «Росатом» басқа үміткерлерге қарағанда әлдеқайда көп жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазір бұл корпорация шетелдегі атом станцияларын салу бойынша тәжірибесі мол әрі жобалары саны жағынан көш бастап тұр. Мысалы, Франция жасыл энергетикаға көп ден қойып кетті де, өз елінен тыс ірі жобаларда айтарлықтай жетістікке жетпей отыр. Өз ішінде де, атап айтқанда, атом электр станцияларын жаңғырту бойынша бірқатар мәселелер туындаған. Олар Финляндияда жаңа АЭС ашты, бірақ ол жобаны аяқтауға он бес жылдай уақыт кеткен, – деді сарапшы.

Станислав Митраховичтің айтуынша, Қазақстан мен Ресей уран өндіру және өңдеу саласында бұрыннан тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

– 2022 жылы Қазақстанда 22,8 мың тонна уран өндірілді. Бұл – әлемдік өндірістің 40 пайызына тең. «Росатом» – ядролық отын өндірісі бойынша әлемдегі жетекші компания. Қазақстан мен «Росатом» уранды байыту мен әлемдік нарыққа шығару бағытында екіжақты тиімді әріптестік орнатқан. Ал Қазақстанда атом электр станциясы салынса, бұл байланыс одан әрі тереңдей түспек. Екі елдің бірлесіп жүзеге асыратын жобалары көбейіп, нәтижесінде Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ, – деп атап өтті сарапшы.

PS:

Қазақстанда екінші АЭС-ті Қытайдың CNNC корпорациясы салады.

Қазақстандағы тағы бір атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша консорциумға Қытайдың ірі мемлекеттік кәсіпорны – China National Nuclear Corporation (CNNC) жетекшілік ететін болды. CNNC – ядролық энергетика мен ядролық қару жасаумен айналысатын әлемдегі алпауыт компаниялардың бірі.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қытаймен атом саласындағы серіктестік туралы жеке бас келісімге қол қою жоспарланып отыр.
– Біз Қазақстанда тағы бір АЭС салу үшін Қытай технологиясын енгізуді көздеп отырмыз. Бүгінде әлемде толық ядролық циклды өз күшімен іске асыра алатын елдер көп емес. Қытай – сол санаулы мемлекеттердің бірі. Олар қажетті технологиямен, өндірістік база мен мамандармен толық қамтылған. Сондықтан біздің келесі басты бағытымыз – Қытаймен ынтымақтастық, – деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан қытайлық тәжірибені қабылдауға мүдделі. Себебі бұл ел құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде әрі сапалы атқаруға қабілетті.
– Біз осы бағытта нақты жұмысқа кірісіп кеттік. Екі тарап арасында жоғары деңгейдегі келісімдерге қол жеткізілді, – деп нақтылады Сәтқалиев.

Біз Қазақстандағы атом энергетикасы саласында болып жатқан өзгерістерді назарда ұстап отырамыз.