Үш күн бойы сейсмология саласындағы мамандар Қазақстанның ең сейсмоқауіпті қалаларының бірі – Алматыда бас қосып, тәжірибе алмасты, зерттеулерін ұсынды. Осы қалада Орталық Азияда өтетін маңызды ғылыми жиын — «Жер сілкінісін болжау, сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау және тәуекелді басқару» атты 11-халықаралық симпозиум өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай, Норвегия, Ұлыбритания және АҚШ-тан келген 130-дан аса ғалым мен сала мамандары қатысты. Спикерлер баяндамаларын онлайн және офлайн фооматта қорғады. Симпозиумды ҚР ТЖМ жанындағы Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы жер сілкіністері агенттігі ұйымдастырды.
Ғалымдар түрлі алаңдарда бас қосып, сейсмоқауіпті аймақтардағы кешенді бақылау әдістерін, сейсмикалық қауіп-қатерді бағалаудың жолдарын, табиғи және техногендік зілзаладан келетін залалды азайтудың заманауи технологияларын талқылады. Сонымен қатар, сейсмологияның әртүрлі бағыттарында жүргізіліп жатқан соңғы зерттеулер мен жаңалықтар да ортаға салынды.

Әсіресе, жер сілкінісі туралы ерте хабарлайтын жүйелерге ерекше көңіл бөлінді.
Бұл қандай жүйе және не үшін қажет? Көпшілік ойлағандай, бұл жер сілкінісін алдын ала болжау емес. Бұл – сейсмикалық белсенділікті нақты анықтайтын жоғары дәлдіктегі датчиктер мен құрылғылардан тұратын, бүкіл мәліметті жедел түрде жинап, өңдеп, түрлі мекемелерге дереу жеткізетін тұтас жүйе. Мұндағы есеп – секундтар мен минуттармен өлшенеді.
Жүйенің негізгі мақсаты – сейсмикалық оқиғаны бірден анықтап, оны сезерге дейін ескерту жіберу. Арнайы құрылғылар әлсіз, бірақ жылдам тарайтын толқындарды тіркеп, жер сілкінісінің шамамен қай жерде және қандай қуатта болғанын санаулы секундтарда анықтай алады.
Мұндай жүйелер АҚШ, Жапония мен Мексикада қолданылады. Олар адам өмірін сақтап қалуға және материалдық шығынды азайтуға көмектеседі. Бірнеше секундтың не пайдасы бар дерсіз? Бірақ, бұл санаулы секундтардың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы қысқа сәтте төтенше жағдайлар қызметі оқиғаның ауқымын бағалап, жедел әрекет етіп, келесі апаттың алдын алуға мүмкіндік алады.

Мәселен, жарылыс пен өрттің алдын алу үшін құбырларды жабу, аймақты газбен қамтуды тоқтату қажет болуы мүмкін. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында жарық беру де уақытша шектеледі.
Мұндай жүйенің жұмыс дәлдігі көптеген факторларға байланысты. Атап айтқанда, тіркеуші құрылғылардың саны, олардың бір-бірінен арақашықтығы, сейсмикалық қауіпті аймақтарды қаншалықты қамтитыны маңызды рөл атқарады. Бақылау нүктелері неғұрлым көп болса, соғұрлым мәліметтер кеңірек қамтылып, зерттеу нәтижесі нақтырақ болады. Сонымен қатар, көрші мемлекеттерден алынатын мәліметтер мен бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейтін құрылғылар жүйесін құру да аса маңызды.
«Тянь-Шань таулы аймағын зерттеумен айналысатын сейсмологтар ынтымақтастықты бастаған кезде барлық мәліметтерді, әсіресе сейсмикалық бақылау нәтижелерін біріктіріп, бүкіл ғылыми қауымдастықтың игілігіне айналдыруды мақсат еткен», – дейді ҚР Сейсмология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Абдулазиз Өмерұлы Абдуллаев.

Мұндай ескерту жүйелері бүгінде көршілес елдердің ішінде ең тиімді түрде Қытайда жұмыс істеп тұр. Бұл салада жаңа технологияларды жасауға айрықша көңіл бөліп отырған – дәл осы Қытай ғалымдары.
«Біздің институт сейсмологияға арналған инженерлік шешімдер ұсынады. Біз жер сілкінісінің түрлі сипаттамаларын барынша толық тіркей алатын станциялардың әртүрлі түрін әзірлеп жатырмыз», – деді ҚХР Азаматтық істер жөніндегі министрлігіне қарасты Сейсмикалық байланыс орталығының профессоры Ван Хайтау өз баяндамасында.
Қазір Қытайда жер сілкінісі басталғаннан кейін небәрі 6 секунд ішінде алғашқы мәліметтерді алуға болады. Салыстырмалы түрде, 2008 жылы болған жер сілкінісінің нақты сипаттамаларын анықтау үшін тұтас бір ай қажет болған. Ал 2022 жылға қарай бұл үдеріс небәрі 10 минутқа дейін қысқарған. Мұндай нәтиже көп жылдық еңбектің және шамамен 208 миллион АҚШ долларына жуық инвестицияның арқасында мүмкін болды. Қазір мұндай жүйелер Қытайдағы ең қауіпті 5 сейсмикалық аймаққа орнатылған.

Мұндай жүйелердің тиімді жұмыс істеуі үшін станциялардың саны аса маңызды. Мәселен, Қытайда бүгінде шамамен 20 мың сейсмикалық станция бар. Осы себепті де алынған мәліметтерді барынша нақты деп айтуға толық негіз бар.
Маңызды тағы бір фактор – деректерді өңдеу жүйесі. Әрбір станция тіркеген мәліметтер қысқа мерзім ішінде бір орталыққа жиналуы тиіс. Жобаның басты мақсаты — жер сілкінісінен 5–10 секунд бұрын хабар беру және 1–3 минут ішінде жер сілкінісінің барлық параметрлері көрсетілген карта ұсыну. Елестетіп көріңізші, табиғи апаттан соң бар болғаны үш минут ішінде оның ошағы, күші мен әсер еткен аумағы туралы толық картаны алу – бұл шынымен де үлкен жетістік.
«Жер сілкінісі болғаннан кейін 2–6 секунд ішінде алғашқы ақпарат тіркеледі. Ал 2–5 минуттың ішінде жер сілкінісінің магнитудасы мен қарқыны анықталып, мәліметтер ел үкіметі мен жауапты мекемелерге жолданады.

Ғалымдар ақпаратты қайта нақтылағаннан кейін ғана ол ашық дереккөздер мен БАҚ-қа шығарылады», – деп атап өтті Қытайдың Сейсмикалық байланыстар орталығының профессоры Ван Хайтау.
5-10 секунд ішінде алдын ала деректер тіркеледі. 1-3 минут аралығында ел бойынша мәліметтер нақтыланып, негізгі қауіп аймақтары анықталады. Ал 2-5 минут ішінде автоматты түрде ескерту жіберіледі. 5 минуттан 24 сағатқа дейінгі аралықта сілкіністің қуаты мен таралу аймағы жайлы егжей-тегжейлі деректер жиналып, жедел талдау жүргізіледі. Кейін, бірнеше сағаттан соң, ғылыми және инженерлік терең зерттеулер басталады. Осылайша Қытайдың жедел әрекет ету қызметтері апаттан кейін бар болғаны 2 минут ішінде іске кірісе алады. Бұл – аса маңызды артықшылық.
Дегенмен Қытайда осындай жүйелер арқылы алынған жедел деректер тек мемлекеттік құрылымдар мен арнайы қызметтердің ішкі пайдалануына арналған. Профессор Ван Хайтаудың аудармашысы бұл туралы қысқа ғана айтты: «Халыққа арналмаған».
Қазақстан болса, бұл бағытта ашықтықты арттыруды көздеп отыр. Бұған дейін тұрғындарға маңызды ақпарат SMS арқылы жолданатын. Алайда мұндай әдісті қазіргі талапқа сай, жылдам әрі тиімді деп айту қиын. Сондықтан 2021 жылдан бастап қазақстандықтар Darmen атты мобильді қосымшаны пайдалана бастады. Бұл қосымша табиғи апаттар, дауылды ескертулер, жолдардың жабылуы және басқа да төтенше жағдайлар туралы ақпаратты жедел таратуға арналған. Ол интернетке қосылған смартфон, планшет және басқа құрылғыларға орнатылады.
Алдағы уақытта бұл қосымшаны жетілдіру жоспарда бар. Нәтижесінде, азаматтар бірнеше секунд ішінде жер сілкінісінің қуаты мен нақты қай өңірде орын алғаны жайлы мәліметті ала алады. Мұндай халыққа арналған жүйелер Жапония мен АҚШ-тың бірқатар штаттарында (Орегон, Вашингтон, Калифорния) сәтті қолданылып келеді. Себебі бірнеше секундтың өзі өмірді сақтап қалуы мүмкін.

Қазір Қазақстанда, Қырғызстанда және өзге де ТМД елдерінде жер сілкінісі туралы ескерту станциялары жұмыс істеп тұр. Дегенмен олардың әрқайсысы өз бетінше әрекет етуде. Мәселен, Қазақстанда 68 станция ғана болса, көршілес Қытайда бұл көрсеткіш 20 000-ға жетеді. Сондықтан сейсмологтар күш біріктірудің маңызын айтып келеді.
«Біз екі жылдан бері Қазақстан мен Қырғызстанның жүйесін біріктіруге тырысып келеміз. Екі елдің ТЖ министрлері қолдау білдірді. Алматы мен Бішкек бір сейсмикалық аймақта орналасқан, сондықтан бұл өте маңызды. Біз Қырғызстанда жүйені 2014 жылдан бастап жасап келеміз, қазір оның жаңартылған нұсқасы тесттік режимде жұмыс істеп тұр. Бірақ нақты мәлімет алу үшін Қазақстан тарапынан дерек жетіспейді. Станциялар саны неғұрлым көп болса, нәтиже соғұрлым нақты болады», — дейді Болот Молдобеков, Бішкектегі Жерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры.
Оның айтуынша, өзбек және тәжік сейсмологтары да жүйеге қосылуға дайын, ал Ферғана аңғарында қазірдің өзінде 36–38 станция орнатылған. «Біз біртұтас, сейсмикалық қауіпті аймақта өмір сүріп жатырмыз. Табиғи апаттардың шекарасы жоқ. Сондықтан ұжымдық қауіпсіздікке басымдық беретін уақыт келді», — дейді ол.

Жер сілкінісін ұзақ мерзімге болжау мәселесіне келгенде, көптеген ғалымдар бұл бағытқа әлі де күмәнмен қарайды. Әзірге себеп те түсінікті.
«20 шақырым тереңдікте қандай үдерістер жүріп жатқанын білмейміз. Тіпті 10 шақырымда не болып жатқанын нақты айта алмаймыз. Біз тек болжам жасай аламыз. Ғылыммен айналысатындар белгілі бір жорамалдар ұсынады, кейін оны басқалар өз түсінігімен қайта пайымдайды. Сондықтан өз басым да жер сілкінісін алдын ала ұзақ мерзімге болжауға аса сенбеймін», – дейді Бішкектегі геосейсмология және қазіргі геодинамика саласының маманы, геология-минералогия ғылымдарының докторы Кантарбек Абдрахматов.

Ал Қытай ғалымдары жер сілкінісін алдын ала болжау саласында елеулі ілгерілеу бар екенін айтады. Зерттеулер көрсеткендей, сілкініс алдындағы белгілерді анықтау дәлдігі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Иә, әзірге бұл бірнеше ондаған секундты ғана қамтиды. Бірақ ғылым мен технология бір орнында тұрмайды және алдағы жылдары жер сілкінісін бірнеше сағат не күн бұрын болжау мүмкін болуы да ғажап емес.

Қазірше зерттеушілер бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр және көршілес елдермен тығыз ынтымақтастық орнатуды армандайды.