Home Технологиялар Ғаламтор және желі Сот жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көмекші енгізілуде

Сот жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көмекші енгізілуде

20

Жоғарғы Сот Қазақстанның барлық соттарында сот жүйесіндегі маңызды цифрлық жобалардың бірі – азаматтық істерге арналған «Судьяның цифрлық көмекшісі» сервисін енгізу жұмысын аяқтауға жақын. Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жоба Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, сот төрелігін цифрлық тұрғыда жаңғырту бағытының жалғасы ретінде іске асқан.

Жаңа сервис Жоғарғы Сот басшылығының, Сот әкімшілігінің және өңірлік соттар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте таныстырылды.

Кеңесті ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы сот жүйесінде цифрлық шешімдерді дамыту Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында айқындалған міндеттермен сабақтас екенін атап өтті. Соңғы жылдары сот жүйесінде электрондық іс жүргізу, аумақтан тыс соттылық қағидаты, істерді автоматты түрде бөлу және жекелеген процестерді цифрландыру сияқты жаңашылдықтар енгізілді.

Цифрландырудың келесі кезеңі сот тәжірибесін талдауға арналған интеллектуалдық құралдарды енгізумен байланысты.

Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл жүйе Астана қаласының, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының соттарында сынақтан өткізілді. Пилоттық жоба сервистің тәжірибеде тиімді екенін және соттар тарапынан жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.

Интеллектуалды іздеу жүйесі талап-арыздың мазмұнын, тараптардың уәждерін және істің өзге де параметрлерін ескере отырып жұмыс істейді.

Сонымен қатар жүйенің технологиялық инфрақұрылымы елеулі түрде жаңғыртылды. Бүгінде сервис бұрынғы 4 миллионның орнына шамамен 15 миллион машинамен оқылатын дерек бірлігін өңдеп, бір мезетте мыңға дейін сұрауды орындай алады.

Жүйенің функционалдық мүмкіндіктері де кеңейтілген: жасанды интеллект талап-арызды автоматты түрде құрылымдап, даудың мәнін айқындайды, тараптардың уәждерін жүйелейді және құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде өңдейді.

Қазіргі уақытта осындай жасанды интеллект технологияларын әкімшілік сот ісін жүргізу саласына енгізу жұмыстары да аяқталу сатысында тұр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.