Home Кәсіби маман Сұхбат Жасанды интеллектінің тіл үйренудегі рөлі

Жасанды интеллектінің тіл үйренудегі рөлі

15

Бүгінде жасанды интеллект тек ғылыми жаңалық емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегі. Білім алуға, жұмыс істеуге, ақпарат іздеуге, шығармашылық қабілетті дамытуға көмектесіп қана қоймай, ол адамдардың ойлау мен үйрену тәсілін де өзгертуде. Алайда технология дамыған сайын оны қалай болса солай емес, саналы түрде — мүмкіндігі мен шектеуін ескере отырып пайдалану қажет.

Бұл мақалада жасанды интеллекттің күнделікті өмірде, әсіресе білім мен жұмыс саласында қалай сенімді көмекшіге айналып жатқанын нақты мысалдар арқылы көрсетеміз.

Кейбіреулер жасанды интеллектіні кәсіби міндеттерді жеңілдету үшін қолданса, енді бірі жаңа дүниелерді үйренуге көмектесетін серік ретінде қарастырады.

21 жастағы алматылық студент Маржан — шет тілін меңгеруді мақсат еткен жастардың бірі. Ол жасанды интеллектінің көмегімен қатесінен қорықпай, ағылшын тілін еркін үйрене бастағанын айтып берді.

Жасанды интеллектінің тіл үйренудегі рөлі

— Жасанды интеллектіні қолдану тәжірибеңен бөліссең, неліктен оны тіл үйренуге пайдалануды жөн көрдің?

— Бәрі грамматиканы меңгерудегі қиындықтардан басталды. Оқу құралдары тым күрделі әрі қызықсыз көрінетін, ал интернеттегі түсіндірулер жүйесіз, кейде тіпті шатастырып жіберетін. Қажетті ақпаратты табу көп уақыт алатын, ал оны түсініп, ретке келтіру одан да қиын еді. Бір күні жасанды интеллектіге негізделген чат-боттар жайлы естіп, қызығушылықпен қолданып көрдім. Грамматикалық бір ережені сұрағанда, ол маған күнделікті өмірден алынған нақты мысалдармен түсінікті әрі жеңіл жауап берді. Бұл әдіс маған бірден ұнады. Содан бастап жасанды интеллектіні қосымша ұстаз ретінде қолдана бастадым. Қазір менің жанымда әрдайым жәрдемдесуге дайын сенімді көмекшім бар. Осы тәжірибеден кейін тіл үйрену үрдісі мен үшін бұрынғыдай күрделі емес, керісінше қызықты әрі шабыт сыйлайтын іске айналды.

— ЖИ-дің қандай мүмкіндіктерін жиі қолданасың? Олар саған қалай көмектеседі?

— Алдымен жасанды интеллектке грамматикалық ережелерді түсіну үшін жүгінемін. Әсіресе өзіме түсініксіз болған немесе мұғалім тым күрделі тілмен түсіндірген тұстарда оның көмегі айтарлықтай. ЖИ ережелерді қарапайым, нақты әрі өмірлік мысалдармен түсіндіреді. Бұдан бөлек, жиі кездесетін күрделі сөз тіркестері мен мәтіндерді аударуды сұраймын. Көбіне сабақта немесе оқулықта сирек кездесетін сөздер мен тұрақты тіркестер ұшырасқанда қолданамын.

Бірақ мен үшін оның ең бағалы көмегі — өз ойымды еркін жеткізуге, сөйлеу дағдысын жетілдіруге мүмкіндік бергені. Ағылшын тілінде дауыстық хабарлама жазып, ЖИ-ден оны талдап беруін сұраймын. Ол айтылым мен грамматикалық қателерді көрсетіп қана қоймай, одан да табиғи естілетін нұсқаларын ұсынады. Кейде өзі де дауыспен жауап береді — бұл шынайы әңгімеге ұқсайды. Үй жағдайында ағылшынша сөйлесуге мүмкіндік аз, әсіресе ана тілі иесімен. Сондықтан осындай жаттығулар арқылы мен сенімдірек сөйлей бастадым, қателесуден қорқу да азайды. Сонымен қатар эссе жазғанда да ЖИ-дің көмегі мол. Ол мәтінді редакциялап, жиі жіберілетін қателерді көрсетеді, осылайша жазу машығым да жақсарып келеді. Сабаққа дайындық барысында да бұл тәсіл уақытты үнемдеп, нәтижені арттыруға ықпал етеді.

— Сенің ойыңша, ЖИ мұғалімді алмастыра ала ма? Әлде ол тек қосымша құрал ретінде ғана маңызға ие ме?

— Меніңше, жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды. Тікелей қарым-қатынас, ұстаздың қолдауы мен кері байланысын технология ешқашан бере алмайды. Мұғалім тек оқытпайды, ол шабыттандырады, бағыт береді, жеке кеңес береді. Бұл әсіресе тіл үйренуді жаңадан бастағандар үшін маңызды. Ал ЖИ-мен мен өзіме ыңғайлы уақытта жұмыс істей аламын, қателік үшін ұялуға да себеп жоқ. Ол ешқашан ашуланбайды, қайталап түсіндіруден жалықпайды. Мұның өзі маған еркіндік береді — жиірек әрі көп жаттығуға мүмкіндік туады. Мен үшін ЖИ — негізгі білімді толықтыратын, жаттығуға және білімді бекітуге көмектесетін құрал. Мұғалімге немесе топпен оқуға мүмкіндік болмаған сәттерде оның көмегі орасан.

— ЖИ-мен жұмыс барысында қандай да бір қиындықтарға тап болдың ба?

— Иә, қиындық туындайтын сәттер де болады. Кейде жасанды интеллектінің жауабы тым жеңілдетіліп, яки мәселенің тереңіне үңілмей, үстірт түсіндіреді. Кейде керісінше, артық академиялық тілмен күрделендіріп жібереді. Мұндайда мүлде шатасып қалатын кездерім де аз емес. Сол себепті, дұрыс әрі нақты сұрақ қоюдың маңызы зор екенін түсіндім. Уақыт өте келе сұрақты қалай құрастыру керек екенін меңгердім . Бұл – тәжірибе арқылы қалыптасатын дағды.

Бұған қоса, кейде ЖИ контексті дұрыс түсінбей, нақты жауап бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша дереккөздерге жүгінемін немесе мұғалімнен кеңес сұраймын. Маған бір нәрсе анық болды: жасанды интеллектіге толықтай арқа сүйеуге болмайды. Ол — көмекші құрал ғана. Ал білімнің шынайы негізі — мұғаліммен қарым-қатынас пен нақты тәжірибе.

Жасанды интеллектінің тіл үйренудегі рөлі

Маржанның тәжірибесі көрсеткендей, жасанды интеллект — тіл үйренуде пайдалы серікке айнала алады. Бірақ бұл оның қалай қолданылып жатқанына тікелей байланысты. ЖИ қателесуден қорықпай, ыңғайлы және икемді оқуға мүмкіндік береді. Дегенмен, оның әлеуеті тек біліммен шектелмейді — бүгінде көп адам оны жұмысында, шығармашылықта және күнделікті істерінде де пайдаланып жүр.

ЖИ — барлық мәселені шешіп беретін сиқырлы таяқ емес. Бірақ егер оны дұрыс қолдансақ, ол уақытты үнемдеп, жаңа идеяларға шабыттандырып, оқуға көмектесетін сенімді көмекшіге айналады. Ең бастысы — технологияны саналы түрде басқару. Себебі, тиімді нәтиже тек адамның ақылмен қабылдаған шешіміне байланысты.