Home Робот пен дрондар,ЖИ Сенат ЖИ заңына түзетулер енгізіп, жауапкершілікті күшейтті

Сенат ЖИ заңына түзетулер енгізіп, жауапкершілікті күшейтті

23

Сенаторлар «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қарастырып, оны Мәжіліске қайта жолдады. Заңға өздерінің түзетулерін енгізіп, құжатты толықтырды.

Жалпы, заң жобасы жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеуді көздейді. Құжатта «жасанды интеллект», «деректер қоры», «жасанды интеллект жүйелерінің синтетикалық нәтижелері» ұғымдары анықталып, ЖИ-ді экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларына енгізу шарттары белгіленген.

Сонымен қатар, заң жобасында мемлекеттік органдар мен ұлттық жасанды интеллект платформасының операторларының құзыреттері айқындалған. БАҚ үшін материалдардың жасанды интеллект көмегімен жасалғанын көрсету міндеттеледі.

Заңға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға мүмкіндік беретін жүйелерді жасауға тыйым салынады. Бұл – манипуляция, дискриминация, келісімсіз биометриялық деректерді жинау және басқа да құқық бұзушылықтар.

Сенат депутаттары ұсынылған нормаларды концептуалды түрде қолдады, сондай-ақ кейбір баптарына жаңа редакция ұсынды. Мысалы, авторлық құқық объектісі тек адам шығармашылық үлесі болса ғана жасанды интеллект көмегімен жасалған туынды ретінде танылатыны көрсетілген.

Бір түзету бойынша жауапкершілікті тек ерікті сақтандырумен шектемеу қарастырылды.

«Енді ерікті сақтандыруға қосымша жасанды интеллект жүйелерінен келетін зиян үшін міндетті сақтандыру түрін енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ олардың қолдануынан туындайтын қауіп-қатерлер заң шеңберінде есепке алынады», – деді депутат Бибігүл Ақкожина.

Сонымен қатар, ЖИ жүйелерінің иелері мен пайдаланушылары мүмкін болатын зиянды алдын алу шараларын дереу қабылдауға міндетті. Бұл азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтиды.

Сенат спикері Маулен Әшімбаев дипфейктер жасағандардың өз әрекеттеріне жауап беруі және алдау, шантаж немесе заңсыз ақша жинау үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін атап өтті.

«Әлеуметтік желілерде көптеген дипфейктер бар, олар шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер жасайды, кейбір оқиғаларды қолдайды, бірақ олар шындыққа сай емес. Мұнда тек қоңыраулар туралы емес. Технология дамыған сайын мұндай жағдайлар көбейеді. Бұл – тек бастамасы, алғашқы сигналдар ғана», – деп атап өт6 Әшімбаев.

Ол фейктер мен бұрмаланған ақпарат проблемасы тек жасанды интеллекттің емес, адамдардың әрекеті екенін, сондықтан олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керегін түсіндірді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева – заң жобасының әзірлеушілерінің бірі – дипфейктердің ЖИ технологиясын реттеудің негізгі себептерінің бірі екенін айтты.

«Бұл қазіргі таңда көріп отырған ең ауыр және теріс салдар. Әлемдік тәжірибеде жауапкершіліктің басым бөлігі тек дипфейкке емес, оны пайдаланып жасалған құқыққа қарсы әрекеттерге – алаяқтыққа, дезинформацияға байланысты. Қазіргі Қылмыстық кодексте «алаяқтық» туралы бап бар, оның аясында ақпараттық жүйелерді пайдалану ауырлатушы мәнде қарастырылады. Біз кеңірек түсініктеме – «информатизация объектісі» ұғымын ұсындық. Әрі қарай әріптестермен және сіздердің қолдауларыңызбен жауапкершіліктің қатаң нұсқасын енгізуіміз керек», – деді депутат.

Адиль Алшер