Home Робот пен дрондар,ЖИ ChatGPT қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі

ChatGPT қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі

27

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, биыл және келесі жылы елде 40-50-ге жуық AI-агент іске қосылады. Олар азаматтарға eGov платформасында ғана емес, түрлі танымал қосымшалар арқылы да көмек көрсетпек.

«Мысалы, бүгін eGov кейбір банк қосымшаларында бар. Дәл осы сияқты біз жасанды интеллект агенттерін де түрлі платформаларға енгізуді жоспарлап отырмыз. ChatGPT сияқты танымал сервистерге де біріктіріп, азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен заңнамалар бойынша жедел кеңес беретін әмбебап көмекші жасаймыз. Бұл – мультиплатформалық тәсіл. Яғни, кім қай қосымшаға үйренген болса, сол арқылы ЖИ-көмекшіні қолдана алады», – деді министр.

Мәдиевтің айтуынша, бүгінде eGov жүйесіне енгізілген AI-көмекшілерді миллионнан астам адам қолданып үлгерген. Одан бөлек, заңнама мен салық саласына арналған агенттер де бар. Олар азаматтарға декларацияны қалай толтыру керектігін түсіндіріп, салықтық міндеттемелер туралы нақты ақпарат береді.

Сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қарайтын eOtinish жүйесіне арналған ЖИ-агент те іске қосылған. Ол хаттың мазмұнын қысқаша түйіндеп, автордың көңіл-күйін бағалай алады. Бұл – мемлекеттік органдардың жауап беру уақытын едәуір қысқартады.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері тек бір органның құзырында қалмауы тиіс. Сондықтан цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметшілерді ІІ-агенттерді өз салаларында енгізіп, модельдерді өздері жаттықтыра алуы үшін қажетті жағдай жасап отыр. Олар үшін деректер жиынтығы, есептеу қуаты мен тілдік модельдер қолжетімді болады.

Қысқаша айтқанда, енді мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу бұрынғыдан да ыңғайлы әрі жылдам болмақ. Бастысы, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану.