Қазақстанда цифрлық активтер нарығы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып келеді. Бұл бағыт жаңа технологиялық және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашқанымен, онымен қатар заңнамалық реттеу, энергия тұтыну және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі сияқты жаңа сын-тегеуріндерді де туындатты.
Сарапшы Даурен Қарашевпен болған бұл сұхбатта еліміздегі заңды майнингтің энергетикалық жүйеге әсері, кейбір криптобиржалардың лицензиясыз қызметін жалғастыру себептері және пайдаланушылардың құқықтарын қорғаудың нақты жолдары талқыланады. Сонымен қатар, әңгіме барысында криптоиндустрияның дамуы мен құқықтық бақылау арасындағы тепе-теңдік, тариф саясаты және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етудің маңызы туралы да сөз болады.
— 2024 жылдан бастап заң бойынша майнерлер өндірген цифрлық активтердің кемінде 50 пайызы Қазақстандағы криптобиржаларда сатылуы тиіс. Ал 2025 жылдан бастап бұл көрсеткіш 75 пайызға дейін ұлғаймақ еді. Бұл норма саланың ашық әрі әділ дамуына қаншалықты ықпал етті?
— Бұл өте маңызды әрі шешуші мәселе. Аталған талап өз уақытында Қазақстандағы криптоэкожүйенің ашықтығын, тұрақтылығын және сенімділігін қамтамасыз етудің айқын қадамы болды. Алайда, өкінішке қарай, бұл норманы өткен шақпен айтуға тура келеді. Себебі жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Екатерина Смышляеваның бастамасымен аталған тармақ алынып тасталды.
Бастапқыда, 2023 жылы қабылданған бұл норма (2024 жылы — 50%, 2025 жылдан — 75%) айқын экономикалық және құқықтық мақсаттарды көздеді. Себебі отандық майнерлер электр энергиясын ел ішіндегі тарифтермен пайдалана отырып, цифрлық активтерді Қазақстан аумағында өндіреді. Демек, олардың сол активтерді ең алдымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) лицензиялаған отандық криптобиржаларда өткізуі — логикалық әрі әділ шешім болатын.

Бұл талап цифрлық активтердің ашық есебін қамтамасыз етіп, отандық криптобиржалардың өтімділігін арттырды. Сонымен бірге Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі криптоорталықтардың біріне айналуына жол ашып, банктер мен биржалар арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтты. Нәтижесінде тұрақты әрі ашық экожүйенің берік іргетасы қаланды.
Алайда норма алынып тасталғаны туралы хабар тарағанда нарық өкілдері бұл шешімге бірден қарсы шықты. Әсіресе АХҚО лицензиясына ие криптобиржалар ашық наразылық білдіріп, бұл өзгеріс саладағы ашықтықты азайтып, ұлттық криптоиндустрияға кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Соған қарамастан, түзету қабылданды.
Нәтижесінде майнерлер өз активтерін енді тек Қазақстандағы платформаларда емес, қалаған елінде немесе тіпті лицензияланбаған, көлеңкелі алаңдарда да сата алады. Мұндай жағдай өтімділіктің шетелдік нарықтарға кетуіне және қара нарық схемаларының күшеюіне жол ашуы ықтимал. Бұл өз кезегінде отандық биржалардың айналымын азайтып, саланың жалпы тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Бұл мәселенің тағы бір маңызды қыры бар. 2025 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық криптобиржалардағы айналым үлесін арттыру жөнінде нақты тапсырма берген еді. Демек, бұл норманы алып тастау Президент тапсырмасына тікелей қайшы келеді.
Тағы бір назар аударар жайт — аталған түзетуді қарастырған жұмыс тобына АХҚО лицензиясына ие криптобиржалардың өкілдері қатыспаған. Ал жұмыс тобының кейбір мүшелері түзетудің нақты мазмұнын білмей, бастамашының уәжіне сеніп дауыс берген. Соның салдарынан ұлттық цифрлық активтер нарығын дамытуға бағытталған норма қоғам талқылауынсыз, үнсіз түрде алынып тасталды.
Қазір заң жобасы Сенат қарауында. Президент құжатты жыл соңына дейін талқылауды тапсырған. Сондықтан норманы қайтару немесе қайта қарау мүмкіндігі уақытпен шектеліп отыр. Бұл — елдің цифрлық экономикасына ұзақ мерзімді әсер етуі ықтимал шешімдердің бірі.

— 2024 жылдан бастап цифрлық майнинг үшін тұрақты төлем мөлшерлемелері белгіленді: энергетикалық жүйеден алынған әр киловатт-сағатқа – 2 теңге, ал дербес энергия көздерін пайдаланған жағдайда – 1 теңге. Мұндай тарифтер майнерлердің заңды түрде жұмыс істеу ынтасына қаншалықты әсер етеді?
— Иә, расында, 2024 жылдан бастап цифрлық майнинг саласына арналған нақты мөлшерлемелер бекітілді: энергетикалық жүйеге қосылған жағдайда 1 кВт·сағ үшін 2 теңге, ал автономды энергия көздерін пайдаланған кезде 1 теңге төлем қарастырылған. Бұл – маңызды өзгеріс, әрі оның өз тарихы бар.
Бұған дейін, яғни 2023 жылдың 12 желтоқсанында заң күшіне енгенге дейін, майнерлерге қатысты салық жүйесі өзгермелі сипатта болды. Ол кезде 1 кВт·сағат үшін төлем мөлшері 24 теңгеге дейін жетіп, электр энергиясының тарифіне тәуелді еді. Мұндай жүйе бастапқыда ынталандыру мақсатында енгізілгенімен, іс жүзінде майнерлер үшін шамадан тыс салық жүктемесін туғызды. Соның салдарынан олардың қызметі экономикалық тұрғыдан тұрақсыз және алдын ала болжауға қиын салаға айналды.
Сондықтан 2023 жылы біз бұл жүйені қайта қарауды және тұрақты мөлшерлемелер енгізуді ұсындық. Өзім де жұмыс тобының құрамында болып, майнерлердің ашық әрі ұзақ мерзімді қаржылық жоспар құра алуына, шығындарын алдын ала болжауына және салықтық ортада тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсындым.
Алайда мөлшерлемені төмендетудің басты шарты майнерлер өндірген цифрлық активтердің кемінде 50 пайызын АХҚО лицензиялаған криптобиржаларда өткізу міндеті болатын. Бұл өзара тиімді тепе-теңдікті қалыптастырды: мемлекет салықтық жүктемені жеңілдетеді, ал майнерлер ел ішіндегі криптоинфрақұрылымды нығайтып, отандық биржалардың өтімділігін арттырып, цифрлық активтердің айналымын ашық етеді.

Дәл осы шарттың негізінде депутаттар салық жүйесін қайта қарауға келісім берген еді. Алайда кейін жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Екатерина Смышляеваның бастамасымен цифрлық активтерді қазақстандық биржаларда өткізу талабы алынып тасталды. Соның нәтижесінде тепе-теңдік бұзылды: майнерлерге арналған салықтық жеңілдіктер сақталды, ал сол жеңілдіктердің негізіндегі міндеттемелер жойылды. Бұл іс жүзінде ережелердің біржақты өзгеруіне әкелді.
Енді заңды түрде жұмыс істеуге деген ынтаға келсек, қазіргі мөлшерлемелер айтарлықтай қолайлы. Қазақстан әлі де өңірдегі ең арзан электр энергиясын ұсынатын елдердің бірі болып саналады. Сондықтан 1 кВт·сағат үшін 2 теңге мөлшерінде төлем енгізілгеннің өзінде цифрлық майнинг табысты қызмет түрі болып қала береді.
Бір нәрсені анық түсінген жөн. Майнинг – стратегиялық емес, технологиялық тұрғыдан тез ескіретін сала. Майнердің қолындағы негізгі құрал-жабдықтың құны екі-үш жылда-ақ төмендеп, өзектілігін жоғалтады. Ал шамамен әр төрт жыл сайын желідегі блок үшін берілетін сыйақы мөлшері екі есе азаяды. Сол себепті майнингті экономиканың ұзақ мерзімді қозғаушы күші деуге негіз жоқ.
Ұзақмерзімді және жүйелі бизнес ретінде қарастырылатын сала – бұл криптобиржалар мен қаржылық инфрақұрылым. Ал цифрлық актив өндірудің өзі қысқа циклді, өтпелі сипаттағы қызмет. Сол себепті майнерлерге артық жеңілдіктер беру немесе олардың ел ішінде актив өткізу міндеттемесінен босатылуы – шегініс деп есептеймін.
Қазіргі салық мөлшерлемелері әділ әрі экономикалық тұрғыдан негізделген деп санаймын. Майнерлер бұл төлемдерді орындауы тиіс, өйткені Қазақстан салыстырмалы түрде арзан әрі қолжетімді электр энергиясын ұсынып отыр. Демек, елдің өзі майнерлерге бәсекелік артықшылық беріп отыр деген сөз.

— Қазіргі таңда Блокчейн қауымдастығы, энергетикалық компаниялар мен құқық қорғау органдары заңсыз майнингті анықтау бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр?
— Майнинг тарифтердің өсуіне немесе электр энергиясының тапшылығына себеп болып отыр деген пікір шындыққа сай келмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бүгінде заңды майнерлер тек артық қалған немесе шетелден әкелінетін электр қуатын пайдаланады.
Егер заң шеңберінде жұмыс істеп, жалпы энергожүйеге қосылған майнерлерді айтатын болсақ, олардың тұтынатын қуаты халыққа да, өндіріс орындарына да әсер етпейді. Жүйе нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Алдымен басымдық берілетін тұтынушылардан, яғни халықтан, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп орындарынан өтінімдер қабылданады. Содан кейін энергетикалық станциялар өз мүмкіндігін ұсынады. Бұдан соң жауапты органдар сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін жасайды. Егер энергия артық болса, сол көлем аукцион арқылы сатылады, ал майнерлер оны жоғары бағада сатып алады.
Осылайша, заңды майнерлер тек сұраныстан артылған электр энергиясын пайдаланады. Бұл тәсіл энергожүйе үшін пайдалы, өйткені ол жүйені тұрақтандырып, артық қуаттан туындайтын техникалық қиындықтардың алдын алады. Егер ел ішінде артық энергия жеткіліксіз болса, майнерлер шетелден қуат сатып алады. Сондықтан заңды майнерлерді тарифтердің өсуіне немесе энергия тапшылығына кінәлау дұрыс емес.

— Дегенмен қоғамда майнинг тарифтердің қымбаттауына және жарық тапшылығына себеп деген пікір жиі айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
— Азаматтардың құқықтарын қорғау ең алдымен заңның орындалуынан басталуы тиіс. Әсіресе «сұр» схемаларға еріксіз қатысып қалған немесе лицензиясы жоқ криптобиржаларды пайдаланған адамдар үшін бұл өте маңызды мәселе.
Жасанды интеллект министрлігі қолданыстағы заң талаптарына сай әрекет етіп, Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясы жоқ барлық криптобиржалар мен цифрлық активтерге қызмет көрсетушілердің жұмысын тоқтатуға міндетті.
Мұндай талап алғаш рет 2020 жылы қабылданған «Ақпараттандыру туралы» заңда бекітілген, кейін бұл норма «Цифрлық активтер туралы» заңда да сақталды. Яғни бірнеше жылдан бері күшінде болғанымен, өкінішке қарай, іс жүзінде толық орындалған жоқ. Уәкілетті орган болып саналатын Жасанды интеллект министрлігі бұл міндетті әлі толық көлемде атқармады.
Қазіргі таңда лицензиясы жоқ криптобиржалардың көбі бұғатталғанымен, кейбірі еш шектеусіз жұмыс істеп келеді. Солардың бірі – Сейшель аралдарында тіркелген Binance.com. Бұл платформа Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген, біздің елде салық төлемейді. Соған қарамастан, Chainalysis компаниясының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Binance.com қазақстандық нарықтағы пайдаланушылардың шамамен жартысына қызмет көрсеткен. Яғни ел азаматтарының едәуір бөлігі лицензиясы жоқ офшорлық платформа арқылы операция жүргізіп келген, кейде мұның заңсыз екенін білмей де отырған.
Мұндай жағдайда қарама-қайшы көрініс пайда болады. Binance.com арқылы операция жасаған кей азаматтар заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін жауапкершілікке тартылғанымен, платформаның өзі еш кедергісіз жұмысын жалғастырып отыр. Тіпті оған заңда қарастырылмаған «өтпелі кезеңдер» жасанды түрде енгізіліп, заңсыз қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілді.
Түсінбеушілік туғызатын тағы бір жайт бар. Ол – Binance.KZ платформасының болуы. Бұл – АХҚО лицензиясына ие ресми компания, бірақ ол негізгі Binance.com доменін пайдалануды жалғастырып отыр. Мұндай тәжірибе АХҚО қабылдаған Digital Asset Activity Act ережелеріне қайшы келеді. Себебі лицензияланған криптобиржалар техникалық және құқықтық тұрғыдан тәуелсіз болуы керек. Бұл талап киберқауіпсіздік пен қаржылық бақылау саласында да міндетті түрде сақталуы қажет.

Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылдың шілде айында Binance.com және Binance.KZ домендерін бөлу жөнінде ұсыныс жасаған еді. Алайда бұл талап осы күнге дейін орындалған жоқ. Соның салдарынан мыңдаған пайдаланушы екі платформаны шатастырып, өздерін ресми тіркелген, лицензиясы бар биржамен жұмыс істеп жатырмыз деп ойлайды.
«Цифрлық активтер туралы» заңның 11-бабының 5-тармағында АХҚО лицензиясы жоқ криптобиржаларға Қазақстан аумағында қызмет көрсетуге тыйым салынғаны нақты жазылған. Соған қарамастан, Binance.com еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, елдегі нарықтың шамамен жартысын иеленіп отыр. Бұл жай ғана заң бұзушылық емес, бүкіл экономикалық жүйеге әсер ететін қауіпті жағдай. Мұндай тәжірибе капиталдың шетелге кетуіне, киберқылмыстың көбеюіне және отандық қаржы жүйесіне деген сенімнің төмендеуіне әкеледі.
Мұны түсіндіру үшін көршілес Өзбекстанның мысалын алуға болады. Онда Binance.com лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін айыппұл төлеп, ресми құқықтық алаңда жұмыс істеуге міндеттелді. Ал Америка Құрама Штаттары бұдан да қатаң шара қолданды: биржа да, оның негізін қалаушы Чанпэн Чжао да ірі көлемде айыппұл төлеп, кәсіпкер нақты түрме жазасына кесілді. Ол тек жуырда ғана кешірімге ілікті. Ең маңыздысы — АҚШ пен өзге де мемлекеттер заң талаптарының орындалуын сөзсіз қамтамасыз етті.
Қазақстан да құқықтық тұрғыдан мұндай талаптарды нақты бекіткен мемлекеттердің қатарында. Алайда бұл нормаларды орындау іс жүзінде жүйелі сипатқа ие болмай отыр. 2025 жылдың қаңтарындағы дерекке сәйкес, елдегі цифрлық активтердің шамамен 95 пайызы көлеңкелі айналымда, ал лицензиясы бар отандық криптобиржалардың үлесі небәрі 5 пайыз шамасында. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселені ашық көтергенімен, бүгінге дейін Binance.com платформасын бұғаттауға бағытталған нақты шешім қабылданған жоқ.
Мәселенің түйіні біреу. Егер мемлекеттік органдар заң талаптарын қатаң әрі бірізді орындамаса, азаматтардың құқықтық қорғалуы қамтамасыз етілмейді, ал цифрлық активтер нарығы офшорлық және лицензиясы жоқ платформалардың ықпалында қала береді.

— Сіздің ойыңызша, криптоиндустрияны дамыту мен азаматтардың мүддесін қорғау арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады? Майнинг ел үшін қауіпсіз бола отырып, табысты сала ретінде қала алуы үшін не істеу керек?
— Криптоиндустрия мен азаматтардың мүддесін үйлестірудің ең маңызды шарты — заңның бұлжымай орындалуы. Қазір жауапкершіліктің негізгі бөлігі қарапайым пайдаланушыларға жүктеліп отыр. Бірақ шын мәнінде бастаманы мемлекеттік реттеуші органдар өздері көрсетуі керек.
Егер уәкілетті мекемелер өз міндетін орындамаса, яғни лицензиясы жоқ Binance.com секілді платформаларды бұғаттамаса, халыққа олардың қаупі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, сондай-ақ Binance.KZ-ке жеке интернет мекен мен тәуелсіз инфрақұрылым құруды міндеттемесе, әділ әрі қауіпсіз нарық қалыптаспайды. Азаматтар ең алдымен мемлекетке сенеді. Ал сол сенімге жауап ретінде мемлекеттік органдар өздері заңды бұлжытпай орындауы тиіс. Әйтпесе қарапайым халықтан жоғары құқықтық мәдениет күтудің өзі қисынсыз.
Қазір ең үлкен қайшылықтың бірі — қарапайым азаматтар лицензияланбаған платформаларды пайдаланғаны үшін жауапқа тартылып жатқанда, сол платформалардың өздері еш кедергісіз жұмыс істеп отыр. Кейбір мемлекеттік өкілдер тіпті Binance.com сайтындағы P2P қызметін қолдануға «тыйым салынбаған» деп ашық айтқан. Бірақ сот тәжірибесі мүлде басқа жағдайды көрсетеді: мұндай істер бойынша азаматтар расында да жауапкершілікке тартылған. Бұл — жүйелі теңсіздіктің айқын көрінісі. Яғни мемлекет қарапайым қолданушыларға шара қолданғанымен, ірі ойыншыларды айналып өтеді.

Мемлекеттік органдар өз әрекетсіздігі үшін жауапкершілік жүгін сезінбейінше, криптоиндустриядағы реформалар мен тепе-теңдік жайлы айтудың өзі бос әңгіме болып қала береді. Заң баршаға ортақ болуы тиіс: мемлекетке де, реттеуші органдарға да, криптобиржалар мен майнерлерге де, қарапайым азаматтарға да. Егер бақылаушы мекемелер өздері заңның міндетті нормаларын елемей, оған салғырт қараса, мұндай немқұрайлық біртіндеп төменге тарап, қоғамда заңға және мемлекеттік институттарға деген сенімнің әлсіреуіне себеп болады.
Осындай теңсіздік ең алдымен нарықты бұзады. Өйткені бизнестің көзіне көрінетіні мынау: лицензия алған криптобиржалар АХҚО талаптарын орындау үшін, қаржылық мониторинг жүргізу мен салық төлеуге орасан қаражат жұмсайды. Ал офшорлық, яғни лицензиясыз жұмыс істейтін платформалар ешқандай талапсыз, ешқандай салықсыз, өз ережесімен өмір сүріп жатыр. Сонда заңды сақтап, лицензия алу не үшін керек деген орынды сұрақ туындайды.
Бұның салдарынан адал жұмыс істейтін компаниялар теңсіз жағдайда қалады, ал жаңа инвесторлар Қазақстан нарығына кіруге асықпайды. Өйткені мұнда заңның орындалуы бірізді емес. Егер біз майнинг пен криптоиндустрияны ел үшін қауіпсіз әрі табысты салаға айналдырғымыз келсе, бастаманы ең алдымен пайдаланушылардан емес, реттеушілерден бастауымыз қажет. Мемлекет заңға құрметпен қараудың үлгісін көрсетуі тиіс. Сонда ғана қоғамда сенім қалыптасып, ашық әрі әділ нарық орнығады. Ал технология дамуы мен азаматтардың мүддесін қорғау арасындағы шынайы тепе-теңдік те сол кезде орнайды.
P.S. Біз бұл тақырыптың даму барысын әрі қарай да назарда ұстаймыз және Қазақстандағы цифрлық активтер нарығында болып жатқан өзгерістер жайлы оқырмандарымызға үзбей хабарлап отырамыз. Егер сіздің айтар ойыңыз немесе бөлісетін тәжірибеңіз болса, бізге жазыңыз.








