Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етеді? Депутаттардың пікірі

Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етеді? Депутаттардың пікірі

8

Қазақстан жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуда жаңа қадам басуда. Ел тарихында алғаш рет бұл технологияны реттейтін арнаулы заң қабылданбақ. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, Қазақстан Еуропадан кейінгі әлемдегі екінші мемлекет болып, ЖИ-ге қатысты өз заңнамасын енгізуді жоспарлап отыр.

«Көптеген елдер жасанды интеллектіні өзін-өзі реттеу тәсілі арқылы дамытуға ұмтылса, Қазақстан бұл процесті мемлекеттік бақылау арқылы жүргізбек. Десе де, ірі компанияларға ЖИ-ді қолдану бойынша өз ережелерін әзірлеуге мүмкіндік беріледі. Ал негізгі қадағалау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті құқық қорғау және бақылаушы органдарға жүктеледі»,- деп депутат пайымдайды.

ЖИ – ауқымды қаржы мен ұзақ мерзімді инвестицияны қажет ететін сала. Ғарыш саласына салынатын инвестициялар секілді, мұнда да жеке капиталдың қатысуы шектеулі. Сондықтан, егер мемлекеттер бұл технологияны дамытқысы келсе, орасан зор бюджет қаражатын құюға мәжбүр. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмайды.

«Болашақ заң жобаларында ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктелмек. Қауіпсіздік тұрғысынан төмен тәуекелді жүйелерге мемлекеттік органдар араласпайды, ал орташа және жоғары тәуекелді жүйелер заңнамалық тұрғыда реттеледі. Әсіресе, адам өмірі мен денсаулығына әсер ететін ЖИ жүйелеріне ерекше бақылау енгізілмек. Сондай-ақ, адам қатысуынсыз шешім қабылдайтын толықтай автономды ЖИ жүйелерін қолдануға тыйым салу ұсынылуда.Қазақстан ЖИ саласындағы заңнамалық реформаларды жүзеге асыру арқылы осы бағыттағы халықаралық тәжірибеге бейімделіп, технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам баспақ»,- деп Е. Смышляева журналистердің сауалына жауап берді.

Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етеді? Депутаттардың пікірі

Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мақсатында ұлттық платформа құрылмақ. Бұл – ЖИ жүйелерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін жасалатын мемлекеттік инфрақұрылым. Сонымен қатар, жаңа заң жобасында ЖИ технологияларын қолданатын өнімдердің иелеріне пайдаланушыларды хабардар ету талабын енгізу қарастырылып отыр. Алайда ЖИ негізінде жасалған барлық өнімдерді арнайы белгілеу мүмкін емес, себебі олардың саны күн санап артып келеді. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты бірқатар түзетулер енгізілуде.

Депутат Екатерина Смышляева жасанды интеллект көмегімен медиаконтент жасауды да мемлекеттік реттеу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ЖИ-дің араласу деңгейін ескеру маңызды: егер контент тек өңдеуден өтсе, бір жағдай, ал толықтай жасанды интеллект арқылы жасалса, мүлде басқа жағдай.

ЖИ саласындағы негізгі басқару тетігі үкіметтің қолында болады. Ал салалық қадағалау функциясын ЖИ жөніндегі комитет атқарады. Кейін әрбір мемлекеттік орган өз саласында ЖИ-ді дамытуға жауапты болады.

Алайда жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері кейбір алаңдаушылық тудырып отыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша, ЖИ жаһандық деңгейде шамамен 90 миллион жұмыс орнын алмастыруы мүмкін. Қазақстанда да бұл мәселе өзекті. Депутаттың пікірінше, елдегі нақты жұмыссыздық деңгейі ресми көрсеткіштерден жоғары – шамамен 12-13%, яғни 1 миллионға жуық адам. Егер кейбір салаларда ЖИ-дің орнығуы жеделдесе, жағдай ушығуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің медицинада қолданылуы да бірқатар сұрақ туындатып отыр. Бейсембаевтың сөзінше, Еуропада ЖИ тіпті онкологиялық ауруларды 95%-ға дейін дәл анықтай алады. Алайда мәселе туындайды: егер ем жүргізгеннен кейін науқас қайтыс болса, жауапкершілікті кім мойнына алады? Сондай-ақ, ЖИ-ді алаяқтардың пайдалану қаупі және әлеуметтік желілердегі авторлық құқық мәселелері де алаңдататын сұрақтардың қатарында.

Осыған байланысты Смышляева бұл ұсыныстарды заң жобасына енгізу қажеттігін атап өтті.

Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) реттеу мәселелері бойынша заңнамалық бастамалар талқыланып, негізгі сұрақ – жауапкершілікті белгілеу болып отыр. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, қазіргі заң жобасында бұл мәселе қарастырылғанымен, оны нақтылау қажет.

Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етеді? Депутаттардың пікірі

«Мұнда ең басты сұрақ – жауапкершілік. Ол құжатта көрсетілген, бірақ біз оны әлі де нақтылаймыз, себебі бұл ауқымды мәселе. Авторлық құқыққа қатысты да реттеу қарастырылған, алайда нормалар әзірге сілтемелік сипатта. Сондықтан бұл тақырыпты да қосымша талқылаймыз», – деді депутат.

Сондай-ақ, Смышляева журналистерге берген сұхбатында дипфейктер үшін қандай жаза қарастырылып жатқаны туралы сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша нақты шешім шамамен бір айдан кейін белгілі болады.

– Ресми ұстаным кейінірек жарияланады, өйткені жаза құқықбұзушылықтың деңгейіне сай болуы тиіс. Бұл – әділеттілік мәселесі. Қазір бірден ауыр жаза туралы айту дұрыс емес, себебі кейін ол нақты шешім ретінде қабылдануы мүмкін. Дегенмен, қазірдің өзінде дипфейктер үшін Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында жауапкершілік қарастырылған. Бірақ бұл – контенттің өзіне емес, оның салдарына байланысты жаза. Мысалы, егер дипфейк адамның абыройына нұқсан келтірсе, қоғам пікіріне манипуляция жасаса немесе алаяқтық мақсатта қолданылса, бұл әрекеттер заңмен жазаланады. Ал арнайы жаза енгізу мәселесін толық талқылаған соң хабарлаймыз, – деп түсіндірді мәжілісмен.

Айта кетейік, Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы», «Жасанды интеллект мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.