Смартфон – жай ғана байланыс құралы емес, бүгінде ол адамның бүкіл өмірін өзіне сыйдырған ерекше кеңістікке айналды. Қалтамызда жүрген кішкентай құрылғы күнделікті қарым-қатынасымыздың, жеке ойымыз бен сезіміміздің, тіпті кәсіби жұмысымыздың да басты куәсі. Онда жақындарымызбен жазысқан хаттар, отбасылық суреттер, банк карталары, жеке жазбалар мен маңызды құжаттар сақтаулы. Бір кездері әртүрлі құралға, түрлі орынға бытырай сақталатын деректер қазір бір ғана құрылғының ішінде.
Бірақ мұндай ыңғайлылықпен бірге үлкен қауіп те қатар жүр. Телефонға орнатылған зиянды қосымшалар мен фишингтік сілтемелер арқылы алаяқтар тек деректеріңізді емес, өміріңіздегі ең жеке сәттерді де қолды етуі мүмкін. Бүгінгі таңда жеке мәліметіңізге қауіп төніп тұрғанын көбіміз кеш түсінеміз…
Қауіпті бағдарламалар көбіне біз ең жиі пайдаланатын салаларға – әлеуметтік желілерге, ойындар мен көңіл көтеретін платформаларға, сондай-ақ «тегін береміз» деп уәде ететін сервистерге бағытталады. Алаяқтар адамның қашан босаңситынын, қай сәтте сақтығынан айрылатынын жақсы біледі. Барлығы байқалмай басталады, бірақ салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Кейбір қосымшалар киберқауіпсіздік мамандарының назарында жүргеніне қарамастан, олар қайта-қайта басқа атаумен, жаңа дизайнмен пайда болып жатады. Бұл олардың әлі де қауіпті екенін көрсетеді..
Бұл мақалада біз дәл қазір смартфон иелерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған қосымшалар жайлы айтып, олардың қалай жұмыс істейтінін және өзіңізді осындай цифрлық қақпаннан қалай қорғай алатыныңызды қарастырамыз.

Қашықтықтан басқаруға арналған қосымшалар
AnyDesk, TeamViewer, HopToDesk, RustDesk, RuDesktop секілді бағдарламалар сырттай қарағанда өте пайдалы көрінуі мүмкін. Олар туыстарыңызға немесе достарыңызға қашықтан көмектесуге мүмкіндік береді. Бірақ дәл осы құралдарды алаяқтар өз пайдасына тиімді пайдаланып жүр.
Мен де алаяқтардың арбауына қалай түсіп қалғанымды байқамай қалдым. WhatsApp арқылы бейтаныс нөмірден біреу хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырды. Дауысы байсалды, сенімді шықты. «Сіздің атыңызға 700 000 теңге несие рәсімделіп жатыр. Егер бұл сіздің келісіміңізсіз жасалып жатса, тез арада тоқтатпасақ, ақша сіздің шотыңыздан шешіліп кетуі мүмкін», – деді ол. Қатты абдырап, уайымға беріліп кеттім.

«Қауіпсіздік тексеруінен өту қажет», – деп, олар маған арнайы бағдарлама орнатуды ұсынды. AnyDesk деп аталатын қосымшаның сілтемесін жіберіп, «тексеру үшін уақытша қолжетімділік қажет» екенін түсіндірді. Мен ештеңеден күдіктенбестен, айтқандарын бұлжытпай орындадым . Қосымшаны жүктеп, барлық рұқсатты бердім.
Біраздан соң телефоным өздігінен жұмыс істей бастады. Банк қосымшасы ашылып, шотымнан ақша шешіле бастады.Сол сәтте мен ештеңе істей алмадым, құрылғым толықтай бөтен адамның басқаруына өтіп кеткен еді. Бар болғаны бірнеше минутта 140 000 теңгем жоғалды.
Бұл бағдарламалар күнделікті өмірімізді жеңілдетіп, жұмысымызды жылдамдатады. Дегенмен, оларды дұрыс пайдалану аса маңызды. Қолдану тәсілі мен ниетке қарай бұл қосымшалар адамға қажетті көмекші де, қатерлі құралға да айналуы мүмкін. Сондықтан құрылғыға орнатар алдында қосымшаның қауіпсіздігін тексеріп, шынайы көздерден жүктеуге ерекше көңіл бөлу – ең бірінші шарт.
Жалған VPN-қосымшалар
Көпшілік VPN-қосымшаларды ғаламтордағы қауіпсіздікті арттыратын құрал ретінде көреді. Әсіресе қоғамдық Wi-Fi желілерін жиі пайдаланатындар үшін ол таптырмас көмекші саналады. Алайда қауіпсіздікке сеніп орнатқан кейбір тегін VPN-сервистер, керісінше, үлкен қатерге айналуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар арқылы алаяқтар сіздің интернеттегі әрекетіңізді бақылап, жеке деректеріңізге оңай қол жеткізеді.
SuperVPN – әлемде ең жиі жүктелген VPN-нің бірі. 100 миллионнан астам қолданушы оны орнатқан. Бірақ 2023 жылы киберқауіпсіздік саласындағы мамандар бұл қосымшаның пайдаланушылардың жеке деректерін, интернеттегі әрекеттерін, тіпті банк карталары туралы мәліметтерді жинайтынын анықтады.

Мұндай қосымшалар шын мәнінде қауіпсіздікті арттырмай, керісінше, жеке өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. SuperVPN сынды сервистер сырттай қарағанда қарапайым әрі қолайлы құрал сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде олар арқылы алаяқтар сіздің құрылғыңызға жол тауып, жеке деректеріңізге қол жеткізуі мүмкін.
Сондықтан әрбір тегін VPN-қосымшаны орнатпас бұрын, оның сенімділігіне көз жеткізу қажет. Аты белгісіз, күмәнді сервистерді құрылғыға жүктеу – өз қолыңызбен жеке мәліметтеріңізді бөтен біреуге табыстаумен тең. Киберқауіпсіздік – ұсақ-түйекке мән беруден басталады.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін төменде көрсетілген киберқауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау маңызды.
1. Қосымшаларды ресми сайттарда ғана жүктеңіз
Қандай да бір бағдарламаны орнатарда оның Google Play не App Store секілді ресми платформаларда бар-жоғын тексеріңіз. Бұл дүкендер қосымшаларды алдын ала сүзгіден өткізеді. Дегенмен, барлық қауіп сол жерде аяқталады деп ойлауға болмайды. Пікірлер мен жүктеу санына назар аударыңыз. Егер жаңа, көпшілікке бейтаныс бағдарлама болса, орнатпас бұрын ойланыңыз.
2. Қосымша неге рұқсат сұрап тұрғанын түсініп алыңыз
Егер қосымша өз қызметіне қатысы жоқ рұқсаттарды талап етсе, бұл күмән тудыруы тиіс. Мысалы, қарапайым ойын неге сіздің байланыс тізіміңізді немесе фотогалереяңызды көруі керек? Әр рұқсаттың не үшін сұралғанын мұқият қарап, қажетсізін бермеңіз. Рұқсат беру арқылы сіз бағдарламаға белгілі бір шекарадан өтуге жол ашатыныңызды ұмытпаңыз.
3. «Банк қызметкерімін» деген кез келген қоңырауға сенбеңіз
Соңғы кездері алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «тексеру» немесе «қауіпсіздік шаралары» деген желеумен телефонға әртүрлі қосымшаларды орнатуға мәжбүрлеу оқиғалары жиілеп кетті. Алайда есіңізде болсын, ешбір банк сізден бөгде қосымшаларды жүктеуді сұрамайды. Осындай талаппен хабарласқан адамға сену – өзіңізді алаяқтардың құрбанына айналдыру деген сөз. Сондықтан мұндай қоңырауларға аса сақтықпен қараңыз және ешқашан бейтаныс сілтемелерді немесе қосымшаларды орнатпаңыз.

4. Тексерілген және ақылы VPN қызметтерін қолданыңыз
Тегін VPN қызметтері бастапқыда ыңғайлы көрінгенімен, көбінесе сіздің жеке деректеріңізді пайдалану арқылы пайда табады. Сондықтан сенімді және танымал VPN сервистерін таңдап, олардың құпиялық саясатының ашықтығына көңіл бөліңіз.
5. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
Бұл қарапайым, бірақ сенімді қорғаныс әдісі болып табылады. Ол деректердің ұрлануы жағдайында да есептік жазбаларыңызды қауіпсіз сақтауға көмектеседі. Екі факторлы аутентификация – бұл қосымша қауіпсіздік қабаты: парольден бөлек, жүйеге кіру үшін телефонға немесе электронды поштаға келетін арнайы кодты енгізу қажет болады.
6. Антивирустық бағдарламаны орнатып, жүйені үнемі жаңартып отырыңыз.
Қазіргі заманғы антивирустар зиянды бағдарламаларды құрылғыға зиян келтірмей тұрып анықтай алады. Ал жүйені жаңарту мүмкін болатын қауіпсіздік олқылықтарын жоюға мүмкіндік береді.

Қорытынды
Цифрлық заманның басты ережесі – сақ болу. Қолымыздан түспейтін смартфон – жай ғана құрал емес, бүкіл өміріміздің көшірмесі. Бірақ дәл осы сенімсіздік пен бейқамдық бізді алаяқтардың тұзағына оңай түсіреді. Бұл мақалада айтылған мысалдар мен кеңестер – әркімнің басында қайталануы мүмкін қарапайым оқиғалар.
Сондықтан киберқауіпсіздікке жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әр қосымшаны жүктемес бұрын ойланып, кімге рұқсат беріп жатқаныңызды нақты түсініп алыңыз. Таныс емес нөмірден келген қоңырау, «тегін VPN», сырт көзге бейкүнә көрінетін бағдарламалар – бәрі де жеке деректеріңіздің артында тұрған қауіпке айналуы мүмкін.
Бүгін сіз қосымшаларды ақылмен таңдап, құрылғыңызды тексеріп, қарапайым ережелерді сақтасаңыз – ертеңгі күні өзіңізді, жақындарыңызды, тіпті өміріңіздегі ең маңызды ақпаратты қауіптен сақтап қаласыз. Цифрлық қауіпсіздік – жауапкершіліктен басталады.