28-29 наурыз күндері Қарағандыда робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар бойынша X халықаралық RoboLand 2025 фестивалі өтеді. Дайындық қызу жүріп жатыр.
RoboLand – Қазақстандағы ең алғашқы және ең ірі робототехника фестивалі. Бұл – техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялар саласындағы ең ауқымды жоба. Мектеп командалары үшін қатысу үлкен мәртебе, ал педагогтер үшін маңызды тәжірибе. RoboLand Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалар мен байқаулар тізіміне енгізілген.
Дәстүрлі орын – Қарағанды, «Жастар» спорт кешені.
Жыл сайын фестиваль қарқын алып, сайыстардың деңгейі арта түсуде. Қатысушылардың жасы әртүрлі – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап тәжірибелі ұстаздарға дейін. Биыл екінші рет RoboLand Kazakhstan санатында командалар құрамына оқушылармен қатар мұғалімдер де енгізілді.
Фестивальдің маңызды ерекшеліктері өзгеріссіз қалады: электронды тіркеу жүйесі, кәсіби тәуелсіз қазылар алқасы және нақты бағалау жүйесі. Мерейтойлық жарыстардың бас төрешісі –Астана қаласындағы Zerdeli білім беру орталығының директоры Есбол Рымбекұлы Арынов. Бұрын ол Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығында басшылық қызмет атқарып, информатиканы дамыту мен робототехника саласын үйлестірген.
Биыл RoboLand 2025 аясында 17 санат бойынша жарыстар өтеді, оның ішінде 4 жаңа бағыт бар.Ең қызықты және көрнекі сайыстардың бірі – «Құтқарушы роботтар» атты шығармашылық категория. Мұнда қатысушылар табиғи апаттар, техногендік апаттар және басқа да төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын роботтандырылған жүйелерді жасап, таныстырады. Бұл роботтар күрделі әрі қауіпті ортада жұмыс істеп, адамдарды құтқаруға арналған болуы тиіс.
Сонымен қатар, RoboLand 2025 робототехникалық конструкторларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуде. Биыл алғаш рет фестиваль аясында Fischertechnik компаниясының робототехникалық жиынтықтары қолданылатын арнайы жарыс өтеді.
Шешуші кезеңге дейін Қазақстан мен Ресейде 18 іріктеу кезеңі өтті. 5 облыстан, 13 қала мен ауданнан, сондай-ақ Ресейдің Серов қаласынан командалар қатысып, 1239 команда, 2000-нан астам қатысушы бақ сынады.Іріктеу кезеңі өтпеген аймақтардың командалары қосымша квалификациялық іріктеу арқылы финалға жолдама алды. Биыл фестивальге Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінен тұрақты қатысушылар келеді. Сонымен қатар, Болгария мен Ираннан жаңа командалар RoboLand 2025-ке алғаш рет қатыспақ.
Фестиваль барысында қатысушылар тек жарысып қана қоймай, бейресми жағдайда танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Осы мақсатпен Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында «RoboLand PARTY» атты ойын-сауық бағдарламасы өтеді.

RoboLand фестивалінің ұйымдастырушылары – ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Қарағанды облысының білім басқармасы және Kazdidac қауымдастығы.
Айта кетейік, RoboLand фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал 2016 жылы оған халықаралық мәртебе берілді. Бұған дейін бұл алаңда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Сербия, Польша, Италия және Грекия командалары өнер көрсеткен.
Кездескенше, RoboLand 2025!