Әлеуметтік желіде кәсіпкер Тахир Такабаев Қазақстандағы цифрландыру үдерісіне қатысты өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, елде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, қазіргі ахуал ойдағыдай емес.
Такабаев өз жазбасында қазақстандық контенттің басым бөлігі шетелдік платформаларда сақталатынын атап өтті. Мысалы, бейнероликтер YouTube серверлерінде, ал қоғамдағы маңызды мәселелердің талқылауы шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жүріп жатыр. «Біздің балалар өзге елдің мультфильмдері мен ойындарын көреді, ал отандық анимация мен білім беру платформаларының өзі Қазақстаннан тыс серверлерде орналасқан. Ертең қандай да бір санкция салынса, мәдени мұрамыздан айырылып қалу қаупі бар», – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік органдардың ресми жауаптары көбіне үстірт болып келеді. «Бір мәселе көтерілсе, оны шешудің нақты жолын көрсетпей, заң баптарын тізбелеп шығумен шектеледі. Сол себепті қарапайым тұрғындар өз уайымын талқылау үшін амалсыздан шетелдік желілерге жүгінеді», – дейді ол.
Оның айтуынша, e-Otinish сервисі арқылы азаматтар өтініш жолдай алады, тіпті Президентке де жазуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл платформада қоғам болып талқылау, пікір алмасу функциясы жоқ. «Егер өтініш иесі келісім берсе, сол мәселені азаматтармен бірге ашық талқылауға мүмкіндік жасалса, мемлекеттік органдардың да жауапкершілігі артар еді», – дейді Такабаев.
Сонымен қатар ол отандық мессенджерлердің дамуына тоқталды. Мәселен, AITU қосымшасы соңғы жылдары пайда болды. «Бұл – он жыл бұрын армандап, көпшіліктің күлкісіне қалған идея еді. Дегенмен, әзірге оның мүмкіндіктері әлсіз. Егер ашық API ұсынылып, барлық қазақстандық әзірлеушілер бірігіп жұмыс істесе, мессенджердің әлеуеті әлдеқайда жоғары болар еді», – дейді кәсіпкер.
Такабаев ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, ауылдық елді мекендерге интернет жеткізу жобаларына қыруар қаржы бөлінсе де, қауіпсіздік тұрғысынан олқылықтар бар. Әсіресе Starlink жүйесін пайдаланатын мектептер мен мекемелердің деректері халықаралық кеңістікке толық ашық болып қалуы ықтимал.
«Бір қолымен ұлттық қауіпсіздікті күшейтіп жатқан министрлік, екінші қолымен елдің негізгі бөлігіне шетелдік провайдерлерді енгізіп отыр. Бұл – үлкен қарама-қайшылық», – деп түйіндеді ол өз жазбасын.