Америкалық видеоблогер Джимми Дональдсон, яғни MrBeast, ең жас миллиардер ретінде тарихқа енді. Celebrity Net Worth порталының мәліметінше, ол бұл межені 26 жасында еңсеріп, байлығын YouTube пен жеке бизнес-жобалары арқылы жинаған.
Дональдсон блогерлік жолын Солтүстік Каролинадағы үйінде жасөспірім кезінде бастаған. 2017 жылы ол 100 мыңға дейін 44 сағат бойы санаған видеосын жариялап, алғашқы рет кең аудиторияға танылды. Бұл ролик желіде лезде тарап, ондаған миллион қаралым жинаған. Уақыт өте келе оның видеолары ауқымды шоуға, миллиондаған долларлық жобаларға айналды. Әрі ол жобалар тек ойын-сауықпен шектелмей, әлеуметтік мәнге де ие бола бастады.
Қазір MrBeast әлемдегі ең ықпалды видеоблогерлердің бірі саналады. Оның YouTube арнасына 398 миллион адам жазылған, ал видеоларының жалпы қаралымы – 83,8 миллиардтан асады. Ай сайынғы табысы шамамен 50 миллион доллар деп бағаланады. Оның айтуынша, қаржысының басым бөлігін жаңа контент жасауға қайта салады.
YouTube-пен қатар, Джимми бірнеше кәсіпкерлік бағытты қатар дамытып келеді. Соның ішінде – Feastables тәтті тағамдар бренді, Beast Games шоуы, мерч өнімдері мен Amazon платформасымен бірлескен стриминг жобасы бар.
Forbes дерегінше, 2024 жылы оның табысы 85 миллион долларды құраған. Ал MrBeast Burgers тағам желісіне қатысты сот құжаттары оның 2023 жылғы табысы 223 миллион доллар, ал 2024 жылы – 700 миллион доллар болғанын көрсетті.
Орасан табысқа қарамастан, блогер сән-салтанатты өмірге ұмтылмайды. Керісінше, қарапайым өмір салтын ұстанып, қайырымдылықпен белсенді айналысады. Оның Beast Philanthropy жобасы әлемнің түкпір-түкпірінде мұқтаж жандарға көмек көрсетеді – азық-түлік таратудан бастап, медициналық операцияларға дейін қаржыландырады.
MrBeast-тің жетістігі – цифрлы дәуірдің мүмкіндіктері мен блогерлік жұмыстың бизнес, шығармашылық және әлеуметтік жауапкершілікті қатар алып жүруге болатынын дәлелдейтін жарқын мысал.