Қолма-қол ақшасыз төлемдерге QR арқылы төлем жасау, телефон нөмірі арқылы ақша аудару, электронды ақша және цифрлық теңге жатады.
«Қаржы реттеушілері қазір төлем карталары бойынша операцияларға қолданылатын қосылған құн салығынан босату жеңілдігін қолма-қол ақшасыз төлемдердің басқа түрлеріне қызмет көрсетуге де таратуды ұсынып отыр. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мен цифрлық төлем шешімдерін дамыту үшін барлық төлем құралдарына ортақ жағдай қалыптастыру маңызды», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, бұған дейін қосымша құн салығынан босату сол кезеңде кеңінен қолданылған төлем құралына қатысты жеке шара ретінде енгізілген. Алайда QR арқылы төлем жасау, мобильді аударымдар мен цифрлық теңге сияқты жаңа төлем тәсілдерінің пайда болуына байланысты төлем нарығы айтарлықтай өзгерді.
«Осыған байланысты жаңа төлем құралдарына салықтық жеңілдікті автоматты түрде қолдану бұрын қарастырылмаған. Өйткені алдымен оның экономикалық әсерін бағалап, жеңілдік қолданылатын операциялардың нақты тізбесін айқындау қажет», – деп түсіндірді министрлік.
Жобалық кеңсе мүшелерінің ұсынысына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин QR арқылы төлем жасау мен цифрлық теңгені қоса алғанда, заманауи төлем құралдарын дамытудың оң үрдіс екенін айтты. Сонымен қатар ұсынылып отырған шараның экономикаға ықпалын нақты есептеп, оның тиімділігін негіздеу қажет екенін атап өтті.
Талқылау қорытындысында бұл мәселені Қаржы министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банкпен бірлесіп қосымша пысықтау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы тиісті нормаларды нақтылап, қажетті есеп-қисаптарды ұсыну тапсырылды.
Дереккөз – Sputnik.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












