Egov Mobile мобильді қосымшасында жаңа функция іске қосылды. Енді азаматтар құқық бұзушылық туралы полицияға тікелей хабар жібере алады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қосымшаның басты бетінде «Заң және тәртіп» атты белгіше пайда болды. Осы бөлім арқылы қолданушылар отбасылық зорлық-зомбылық, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе жол-көлік оқиғалары секілді фактілер жайында жедел түрде хабарлай алады.
Функцияның интерфейсі қарапайым әрі түсінікті. Пайдаланушы жолдаған мәліметтер полицияның кезекші бөліміне нақты уақытта жетеді. Құқық қорғау органдары оқиға туралы ақпаратты алған сәттен бастап әрекетке кіріседі.
Қызмет тәулік бойы және еліміздің барлық өңірінде қолжетімді. Мұндай функциялар бұған дейін кейбір банк қосымшаларында да іске асырылған болатын.