Home Кәсіби маман Әділет министрлігі мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы жаңа мобильді қосымша әзірледі

Әділет министрлігі мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы жаңа мобильді қосымша әзірледі

10

Енді азаматтар атқарушылық іс жүргізу саласына қатысты қызметтерге мобильді қосымша арқылы қол жеткізе алады. Әділет министрлігі мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы бірігіп әзірлеген бұл қосымша – Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖО ААЖ) деп аталады. Қосымшаны Android (Google Play) және iOS (App Store) платформаларынан жүктеп алуға болады.

Қосымшаның мүмкіндіктері екі деңгей бойынша ұсынылады:

– барлық қолданушыларға (тіркелусіз қолжетімді);

– жеке сот орындаушыларына (тіркелгеннен кейін қолжетімді).

Мобильді қосымша арқылы:

Біріңғай борышкерлер тізімінен қарыз немесе карта бойынша шектеу бар-жоғын анықтауға болады;

Шетелге шығуға тыйым, мүлікке немесе есепшоттарға салынған арест сияқты уақытша шектеулерді тексеруге мүмкіндік береді;

Қарызды онлайн өтеу мүмкіндігі бар. Қарыз толық өтелген жағдайда, тиісті шектеулер (мысалы, елден шығуға тыйым немесе мүлікке арест) автоматты түрде алынып тасталады;

Орындау құжаттарын іздеу, олардың мәртебесін бақылау және қайда екені туралы ақпарат алу – бұл процесті ашық әрі түсінікті етеді;

QR-код сканерлеу арқылы сот орындаушысының қаулысын тікелей смартфонға алу мүмкіндігі – бірегей әрі заңды жолмен рәсімделеді;

Сот орындаушы қызметінің бағасын есептеу де қарастырылған;

Жеке сот орындаушылардың жүктемесі туралы ақпарат көруге болады;

«Виртуалды кеңесші» чат-боты қолданушылардың жиі қоятын сұрақтарына автоматты түрде жауап беріп, қажет жағдайда адам операторына жібереді.

Жақын арада қарыз алушы мен талап қоюшы тараптарға арналған жеке кабинет іске қосылады. Бұл арқылы пайдаланушылар сот орындаушылардың шешімдерімен және атқару шараларымен онлайн таныса алады.

Сондай-ақ қосымшада «Атқару ісіндегі тараптардың көмекшісі» қызметі іске қосылады. Ол арқылы азаматтар сот орындаушысы қабылдамаған шаралар бойынша хабарлап, қосымша құжаттарды жіберуге мүмкіндік алады.