31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтетін «Digital Almaty 2025» форумы робототехника саласындағы озық технологияларды көрсететін алаңға айналмақ. Форум инновациялық шешімдермен таныстырудан бөлек, роботтардың әлемді қауіпсіз, тиімді әрі ыңғайлы ету жолдарын көрсететін мүмкіндіктерді ұсынады, деп хабарлады «Digital Almaty 2025» форумының PR-директоры Ляззат Сәғындықова.
Өнеркәсіптік роботтар
Kuka мен Kawasaki компанияларының роботтары дәнекерлеу жұмыстарын бұрынғыдан 3-6 есе жылдам орындайды. Бұл роботтар дәнекерлеу процесінде технологияның дәлдігін сақтай отырып, жоғары сапалы байланыстар жасайды. Сонымен қатар, бұл роботтар адамды қауіпті жұмыс процесстерінен босатып, жарақат алу тәуекелін айтарлықтай төмендетеді.
Өнеркәсіптік роботтар сонымен қатар жүк тасымалдау жұмыстарын да атқарады. Олар қоймаларда немесе өндірістік желілерде, тіпті ауыр жүктемелерді адам денсаулығына қауіпті ортада да тасымалдай алады. Адаммен салыстырғанда роботтар жоғары немесе төмен температурада, шаңды немесе ылғалды ортаға төзімді келеді. Олардың артықшылығы — жұмыс уақытында шектеулер болмауы.

Қызмет көрсету және көңіл көтеру роботтары
Сіздер әлеуметтік желілерде робот-даяршылардың тапсырыс жеткізуі туралы бейнелерді жиі көрген боларсыздар. Бірақ робот-даяршы — бұл тек қызмет көрсету саласындағы бір ғана мамандық. «Digital Almaty 2025» көрмесінде сіздер кибернетикалық көмекшінің бариста ретінде жұмыс істегенін көре аласыздар. Сонымен қатар, форум қонақтары робот-баскетболшымен дәлдікке арналған жарыстарға қатыса алады.

Роботтар қазір кеңінен тазалау жұмыстарында қолданылады. Олар үлкен алаңдарды тазалап, жоғары өнімділікпен тазалықты қамтамасыз етеді. Үнемі тұрақты жылдамдықпен жұмыс істейтін және шаршамайтын роботтар ұзақ жұмыс уақытына өте ыңғайлы.
Коллаборативті роботтар (cobots)
Коботтар — адамдармен бірге жұмыс істей алатын роботтар. Дәстүрлі өнеркәсіптік роботтардан айырмашылығы, бұл роботтар адамдармен бірге бір ортада жұмыс істей алады. Олар үшін арнайы қоршаулар немесе бөлек аймақтар қажет емес. Коботтар қызметкерлермен бірге жұмыс істеп, қиын немесе бір сарынды тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Мысалы, бөлшектерді жинақтау, орау немесе өнімдерді сынау сияқты жұмыстарда қолданылуы мүмкін.
Осындай роботтар автомобиль өнеркәсібінде белсенді қолданылады, мысалы, көлік бөлшектерін жинау, дәнекерлеу және бояу кезінде.
3D басып шығару жабдықтары
Қазіргі таңда 3D басып шығару заманауи өндірістің ажырамас бөлігіне айналғаны жасырын емес.«Digital Almaty 2025» көрмесінде құмды құю үлгілері көрсетіледі. Бұл технологияның арқасында үлгі өндіру уақытын бірнеше күннен бірнеше сағатқа дейін қысқартуға болады.
Робот техникасы аймағында металл сымнан 3D басып шығару роботын да кездестіруге болады. Бұл робот күрделі пішінді, ұзаққа төзімді бөлшектерді жасауға мүмкіндік береді. Мұндай құрылғымен сынған бөлшекті немесе ерекше өнімді тез арада шығару мүмкіндігі бар.
Тексеру және бақылауға арналған роботтар

Көрмеде ауыл шаруашылығы алқаптарында өсімдіктерді тексеріп, тыңайтқыштар енгізіп немесе дәл суару жұмыстарын жүргізетін дрондар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар таныстырылады. Сонымен қатар, олар өрттермен күресуде де тиімді қолданылады. Қазақстанның орман аймақтарында орнатылған осындай роботтар алғашқы өрттерді жылдам әрі тиімді анықтайды.
Әсіресе, қол жетуі қиын аймақтарда жұмыс істейтін роботтар ерекше қызығушылық тудырады. Мысалы, құбырларды тексеретін автоматтандырылған көмекшілер ақаулар мен ағып кетулерді анықтауда тиімді құрал болып табылады.
Ит тәрізді роботтар
Шахталардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорына қарасты даму және инновациялар департаменті робот-итті енгізді. Бұл робот 360 градус көру камерасымен, термографиялық және газ анализаторымен жабдықталған. Ол автономды және қолмен басқару режимдерінде жұмыс істей алады. Робот-иттің негізгі функциясы — шахталардағы ауа сапасын бақылап, газдардың концентрациясын өлшеу.