Қазақстан мектептерінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға арналған «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жоба пилоттық режимде іске қосылды. Жүйе 5–11-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үдерісін ашық, әділетті және нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Ең бастысы — ата-аналардан ешқандай қағаз құжат талап етілмейді. Мемлекеттік деректер базасы негізінде көмек автоматты түрде ұсынылады. Яғни, қолдауға мұқтаж баланың жағдайы алдын ала анықталып, оған тиісті қолдау проактивті түрде көрсетіледі.
Әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларға баласының тегін тамақпен қамтылатыны жөнінде хабарлама жіберіледі. Ата-ана келісімін бергеннен кейін, отбасыға автоматты түрде цифрлық тамақ ваучері рәсімделеді. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасы арқылы белсендіреді.
Оқушы мектеп асханасында QR-код, карта немесе Face ID арқылы сәйкестендіріліп, тегін тамақ алады. Ата-ана баласының мектепте тамақтанғаны туралы бірден хабарлама алады. Сонымен қатар, жүйеде кері байланыс мүмкіндігі де бар — ата-аналар ұсынылған тамақтың сапасын бағалай алады.
Ай соңында жүйе автоматты түрде көрсетілген қызметтің орындалу актісін құрастырады. Осы есептің негізінде тек нақты ұсынылған қызмет үшін ғана жеткізушіге төлем жасалады.
«Әлеуметтік әмиян» жүйесі қазіргі таңда Астана қаласы мен Қостанай облысындағы 20 мектепте (әр өңірден 10 мектептен) тестілік режимде іске қосылды. Пилоттық жоба нақты жағдайларда жүйенің жұмыс істеу тиімділігін бағалап, ата-аналар, мұғалімдер мен жеткізушілердің пікірін жинауға мүмкіндік береді. Бұл — жүйені жетілдіріп, алдағы уақытта кең ауқымда енгізуге дайындық кезеңі.
Сынақ кезеңінен кейін жүйені 1–4-сынып оқушыларына да кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Осылайша барлық жастағы оқушыларға бірізді, әділетті және цифрлық бақылауға негізделген тамақтану жүйесі қалыптасады.
- Нені өзгертеді?
Мемлекеттік қолдаудың шынайы мұқтаж адамдарға жетуі қамтамасыз етіледі;
Қызмет көрсету процесі толықтай ашық болады;
Ата-аналар үшін бақылау да, пайдалану да ыңғайлы;
Мектеп әкімшілігінің жүктемесі азаяды;
Жеткізушілер нақты көрсетілген қызметі үшін әділ төлем алады.
Мемлекеттік қолдауды цифрландыру — жай ғана технология енгізу емес. Бұл — мемлекет пен қоғам арасында сенім орнатуға бағытталған жүйе. Әрбір әлеуметтік шара нақты алушысына жетіп, әділеттілік пен ашықтықтың жаңа стандартын қалыптастырады.