Home Кәсіби маман Талдықорғанда Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды

Талдықорғанда Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды

3

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы өз жұмысын бастады. Бұл зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Оқу-Ағарту министрлігі.

Fab-Lab (Fabrication Laboratory) – бұл цифрлық өндіріс саласындағы халықаралық форматтағы зертханалар желісі. Мұндай зертханалар әлемнің жетекші оқу орындарында қолданылады.

Зертхана үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді:

Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар негізінде роботтарды құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.

3D-модельдеу және 3D-баспа зертханасы — Fusion 360, SolidWorks және Blender бағдарламалары арқылы прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект зертханасы — Python тілін практикалық үйрету, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрожелілерді қолдану бойынша білім беруге бағытталған.

Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Мұхамбетовтің айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылы аясында мұндай заманауи зертханаларды ашу – еліміздің болашақ инженерлері мен техник мамандарын дайындауда үлкен стратегиялық қадам. Fab-Lab жастарға тек білім алуға ғана емес, нақты өнімдер жасап, инновациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандардың қалыптасуына маңызды бастама.

Жаңа орталық студенттерге теория мен практика арақатынасын үйлестіруге, өз идеяларын жүзеге асыруға және өнеркәсіп пен IT саласында қажетті жобаларды жасауға мүмкіндік береді.