Қазақстан жүргізушілеріне жаңа алаяқтық түрі жайлы ескерту жасалды. Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыскерлер азаматтарға «жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл» деген жалған SMS-хабарлама жіберуде.
Хабарламада жүргізушінің аты-жөні мен көлік нөмірі көрсетіліп, төлем жасау үшін сілтеме қоса беріледі. Сілтемеге өтіп, карта деректерін енгізген жағдайда, алаяқтар банк шотындағы қаражатқа қол жеткізеді. Кейбір жағдайларда сілтемемен бірге вирус жіберіліп, ол құрылғыдағы жеке мәліметтерді ұрлайды.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай әрекеттер қазірдің өзінде Ресей мен АҚШ-та тіркелген. Сол себепті оның Қазақстан аумағында таралу қаупі жоғары.
Есте сақтаңыз:
- Ресми айыппұл хабарламалары тек «1414» нөмірінен келеді;
- Онда ешқашан төлем жасауға арналған сілтеме болмайды;
- Айыппұлды тек egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарынан немесе банктердің мобильді қосымшасынан тексеруге болады.
Мамандар күмәнді хабарлама алған жағдайда сілтемелерді ашпауға, деректерді енгізбеуге кеңес береді. Егер деректеріңізді енгізіп қойсаңыз, дереу картаны бұғаттап, банкпен байланысып, 102 нөміріне хабарласу қажет. Сондай-ақ телефон не компьютерді вирусқа тексерген дұрыс.