Қытайлық Z.ai стартабы (бұрынғы атауы – Zhipu) жасанды интеллектінң жаңа буын GLM-4.5 үлгісін таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жүйенің бағасы DeepSeek-тен төмен болмақ. Ең бастысы – GLM-4.5 «агенттік» жасанды интеллект қағидасына негізделген: ол тапсырманы бірнеше бөлікке жіктеп, әр кезеңін нақты орындайды.
Жаңа үлгі ашық бастапқы кодпен ұсынылған, сондықтан кез келген әзірлеуші оны тегін жүктеп, қолдана алады. GLM-4.5 көлемі бойынша DeepSeek-тен екі есе шағын, әрі небәрі сегіз Nvidia H20 графикалық процессорымен жұмыс істей береді. Бұл процессор – АҚШ-тың экспорттық бақылау талаптарына сай арнайы Қытай нарығына бейімделген нұсқа.
Тамыз айында Nvidia үш айлық үзілістен кейін Қытайға чип жеткізуге рұқсат алғанын хабарлады. Дегенмен, нақты жеткізу мерзімі әлі белгісіз.
Z.ai бас директоры Чжан Пэн компанияның қосымша чип сатып алуға мұқтаж еместігін, қолда бар есептеу қуаты жеткілікті екенін айтты. Ал жаңа үлгіні үйретуге кеткен шығын көлемі әзірге құпия, бұл дерек кейін жарияланбақ.
Еске салсақ, қаңтарда DeepSeek америкалық чиптерге шектеу қойылғанына қарамастан, OpenAI-дың ChatGPT үлгісімен бәсекеге түсе алатын, әрі оқыту мен пайдалану шығындары әлдеқайда төмен жүйені жасап, әлемдік инвесторларды таңғалдырған еді.
DeepSeek өзінің V3 үлгісін үйрету шығыны 6 миллион АҚШ долларынан аспағанын мәлімдеді. Көктемде ол әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан жасанды интеллект құралына айналып, ай сайынғы жаңа қолданушылар саны бойынша ChatGPT-ден алға шықты.