Қазақстанда дипфейк жасағандарға қылмыстық жаза қарастыру мәселесі көтерілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Informburo.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнамада дипфейк жасаудың өзі емес, оның салдары үшін ғана жауапкершілік қарастырылған. Яғни, іскерлік беделге нұқсан келтіру, алаяқтық жасау немесе экономикалық зиян келтіру жағдайларында ғана жазалау көзделген.
«Қазіргі уақытта дипфейкті реттеудің ең тиімді үлгісі Еуропалық актіде қарастырылған. Алайда ғалымдар қандай деңгейдегі өзгерісті заңды деп санауға болатынын нақты анықтау қиын екенін алға тартады. Мысалы, Photoshop бағдарламасын қолдану немесе смартфондағы редакторлар арқылы суретті өңдеу де түпнұсқалықты өзгертеді. Осындай өзгерістердің қай шегі заң аясында рұқсат етілгенін нақтылау қажет», – деп мәселе көтерді депутат.
Смышляеваның пікірінше, егер дипфейк қасақана жалған ақпарат тарату мақсатында қолданылса, оған заң жүзінде нақты жаза қарастыру қажет.
«Біз заң жобасында манипулятивті жасанды интеллект жүйелерін қолдануға тыйым салуды ұсынып отырмыз. Олардың қатарына дипфейктер де кіреді. Сонымен қатар, жеке және биометриялық деректерді қорғау шараларын күшейту маңызды. Себебі адамның реалистік дипфейкін жасау үшін үлкен көлемде жеке ақпарат қажет. Қазіргі заң жобасында дипфейк үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, бірақ жұмыс тобында бұл ұсынысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып талқылауымыз мүмкін», – деді депутат.
Заң жобасы әлі де қарастырылу кезеңінде. Егер ұсыныстар қолдау тапса, Қазақстанда дипфейк жасау мен таратуға қатысты қатаң шектеулер енгізілуі мүмкін.