Қазақстан цифрлық даму саласындағы жетістігін тағы бір мәрте дәлелдеді. IMD World Digital Competitiveness 2024 халықаралық рейтингінде еліміз 67 мемлекеттің ішінде 34-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш – еліміздің цифрлық технологияларды дамыту мен оларды экономикада тиімді қолдануға деген әлеуетін айғақтайды.
Зерттеу мемлекеттердің цифрлық өзгерістерге икемделуін, технологияны енгізу қабілетін және цифрлық инфрақұрылымды бағалайды. Үш негізгі бағыт қамтылады: білім мен адами капитал, технологиялық әлеует және болашаққа дайындық.
«Білім және адами капитал» бағыты бойынша Қазақстан 33-орында. Мұнда цифрлық дағдыларды меңгеру, мамандар даярлау деңгейі мен ғылыми әлеует ескеріледі. Технологиялық даму, яғни реттеуші орта, инвестициялар мен инфрақұрылым тұрғысынан еліміз 46-орыннан көрінді.Ал келешекке дайындық деңгейі бойынша Қазақстан 27-орынға тұрақтап, бұл бағытта үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Мұнда бизнестің икемділігі, электронды үкіметтің дамуы мен IT-саланы бейімдеу мүмкіндігі бағаланады.
Рейтинг авторлары Қазақстандағы цифрлық бизнес бастамаларын іске қосуға жоғары дайындықты, электронды мемлекеттік қызметтерді белсенді енгізуді және телекоммуникациялық инфрақұрылымның қарқынды дамуын елдің басты артықшылықтары ретінде атап өткен.
Болашаққа бағытталған басымдықтардың қатарында – цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект негіздерін оқыту, дербес деректер мен AI саласын құқықтық тұрғыда реттеу, деректерді өңдеу орталықтарын (дата-орталықтар) салу, сондай-ақ стартаптар экожүйесін дамыту сынды мақсаттар бар.
Қазақстан қазіргі таңда цифрлық мемлекетті қалыптастыру жолында: бұл — білім беру бағдарламаларынан бастап, суперЦОН-дарға дейін, ұлттық жасанды интеллект платформасынан аймақтық көшбасшылық амбицияларына дейінгі кешенді жоспарларды қамтиды.