Әлеуметтік желілерде Қазақстанда шетелдік мессенджерлерге тыйым салынады деген ақпарат тарады. Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды. Ведомствоның түсіндіруінше, қарапайым халық үшін WhatsApp, Telegram сияқты сервистер әлі де қолжетімді.
Жаңашылдық тек мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға қатысты. Олар жұмыс барысында қызметтік хат алмасу, құжаттармен бөлісу және жедел хабарламалар үшін отандық Aitu мессенджеріне көшеді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік қызметкерлерге арналған қорғалған цифрлық орта қалыптастыру. Aitu-дың басты артықшылығы – оның серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес келеді.
Яғни, Aitu мемлекеттік құрылымдар үшін жұмыс құралына айналады, бірақ қазақстандықтардың жеке өмірінде шетелдік мессенджерлерді пайдалануына ешқандай шектеу қойылмайды.