Home Технологиялар Инновациялар АҚШ-та мыңдаған мегаватт энергияны қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары салынады

АҚШ-та мыңдаған мегаватт энергияны қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары салынады

48

АҚШ-та қуаты мыңдаған мегаваттқа жететін деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) құрылысын бастау жоспарлануда. Жобалардың нақты ауқымы жиі құпия сақталғанымен, дата-орталықтар саласындағы компаниялар өкілдерімен, жергілікті билік органдарымен, экологиялық ұйымдармен және энергетика компанияларымен жүргізілген сұхбаттар мен ашық дереккөздердегі мәліметтер арқылы бұл сала туралы кеңірек түсінік қалыптасты.

Миннесота штаты цифрлық индустрия алпауыттарының жаңа мекеніне айналғалы тұр. Meta компаниясы Роузмонт қаласында алғашқы деректерді өңдеу орталығын салмақшы. Бұл орталық есептеу қуатын қамтамасыз ету үшін қажет. Amazon мен Microsoft та өз нысандарын салуға дайындалып, Беккердегі “Xcel Energy” көмір электр станциясының жанынан жер телімдерін сатып алды. Сонымен қатар, “Tract” компаниясы Фармингтонда жоба әзірлеуді қолға алып, Роузмонт пен Кэннон-Фолс аймақтарын зерттеуде. Мұндай дата-орталықтарға қызығушылық танытқан басқа компаниялар да Часка, Фэриболт, Солтүстік Манкато және Хэмптон сияқты өңірлерді қарастырып жатыр.

Жоспарланған деректерді өңдеу орталықтары Миннесота штатындағы барлық тұрғын үйлердің жалпы энергия тұтынымына тең қуат қажет етуі мүмкін. Мұндай ауқымды сұраныс штат билігі, муниципалитеттер мен энергетикалық компаниялардың алдында орталықтарды үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз ету және 2040 жылға дейін жаңартылатын энергия көздеріне көшу талабын орындау қажеттілігін туындатып отыр.

АҚШ-та мыңдаған мегаватт энергияны қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары салынады

Аймақтағы 15 штатқа қызмет көрсететін энергия жүйесінде қазірдің өзінде қуат тапшылығы байқалуда, бұл жаз мезгілінде электр энергиясын кезекпен өшіру қаупін тудыруда. Дата-орталықтар санының күрт өсуі көмір мен мұнайға негізделген электр станцияларын ұзақ уақыт пайдалануды қажет етуі мүмкін. Нәтижесінде , Миннесотаның көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу мақсатына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Миннесота экологиялық қорғау орталығының климаттық бағдарламасының жетекшісі Амелия Вос:
“Экономика мен коммуналдық қызметтер саласындағы декарбонизация бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Бірақ деректерді өңдеу орталықтарының қарқынды дамуы бұл жетістіктерді жоққа шығару қаупін тудырады”, – деп,атап өтті.

Кейбір сарапшылар мұндай орталықтарды салу жаңартылатын энергия инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және электр энергиясының құнын төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.

ДӨО-лар – қазіргі заманның ажырамас бөлігіне айналған электрондық қызметтерді қамтамасыз ететін маңызды нысандар. Олар медициналық жазбалардан бастап бейнежазбалар мен онлайн-банкингіге дейінгі қызметтерді қолдайды. Орташа есеппен, әрбір үйде интернетке қосылған 21 құрылғы бар. Ал жасанды интеллектінің дамуымен ДӨО-ларға деген сұраныс одан әрі арта түсуде.

АҚШ-та мыңдаған мегаватт энергияны қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары салынады

Meta компаниясы Роузмонттағы деректерді өңдеу орталығының жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде жаңартылатын энергия сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Дегенмен, бұл Xcel Energy-дің климаттық мақсаттарына қаншалықты ықпал ететіні және оның тұтынушыларына пайда әкелетіні белгісіз. Xcel Energy өкілі Тео Кейттің айтуынша, Meta жаңартылатын энергия квоталарын сатып алуды жоспарлап отыр, бірақ қолданыстағы келісімшарт компанияны Xcel Energy үшін арнайы энергия өндіру нысандарын салуға міндеттемейді.

Amazon компаниясы Беккерде электр қуаты үзіліп қалған жағдайда пайдалануға арналған 250 резервтік дизель генераторын орнатуды жоспарлап отыр, олардың жалпы қуаты Монтичеллодағы Xcel Energy атом электр станциясымен тең. Ал деректерді өңдеу орталықтарын әзірлеумен айналысатын Oppidan компаниясы Хэмптондағы өз нысанына бірнеше жүздеген дизель генераторларын орнату мүмкіндігін қарастыруда.

Миннесота штатының республикалық заң шығарушылары, кейбір демократтар және ауылдық электр кооперативтері жаңа атом электр станцияларын салуға салынған тыйымды алып тастауды ұсынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы бес жылда аймақта электр энергиясының тапшылығы байқалуы мүмкін. Осыны ескере отырып, кейбір мамандар қазба отындарын пайдалану көлемін арттыру немесе жұмыс істеп тұрған көмір электр станцияларын жабудың орнына сақтап қалу қажет деп есептейді.

Энергиямен қамтамасыз ету мәселесінен бөлек, деректерді өңдеу орталықтарының кеңеюі басқа да мәселелерді туғызуда. Кейбір орталықтар орасан зор көлемде су тұтынып, бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Сонымен қатар, бұл орталықтар шу деңгейін арттырып, жақын маңдағы аймақтардың өмір сүру жағдайының тартымдылығын төмендетуі мүмкін.