Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда стратегиялық цифрлық майнингтің жаңа тетігі іске қосылды

Қазақстанда стратегиялық цифрлық майнингтің жаңа тетігі іске қосылды

17

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Жаңа тетік цифрлық майнинг саласындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстандағы цифрлық активтер индустриясының одан әрі дамуына ықпал етуге бағытталған.

Стратегиялық цифрлық майнинг бағдарламасына қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады. Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесі қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін және тиісті өтінім берген цифрлық майнинг субъектілеріне ғана беріледі.

Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанынан құрылған комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп қарайды. Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесін беру туралы шешім ұсынылған құжаттар мен материалдарды жан-жақты зерделеу нәтижесінде қабылданады.

Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесіне ие болған компаниялар электр энергиясын өндіруші ұйымдармен электр энергиясын тікелей сатып алу-сату жөнінде мерзімі он жылға дейінгі шарттар жасаса алады. Мұндай шарттар бойынша электр энергиясының бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті тарифтен аспауға тиіс.

Бағдарламаға қатысушылар Ұлттық стратегиялық крипторезервке өндірілген цифрлық активтердің жалпы көлемінің 10 пайызын емес, электр энергиясын сатып алу мен оны жеткізуге жұмсалған шығындар шегерілгеннен кейін қалған цифрлық активтердің 10 пайызын қағидаларда белгіленген тәртіппен аударады.

Ұлттық стратегиялық крипторезервті қалыптастыруға бюджет қаражаты жұмсалмайды. Қор стратегиялық цифрлық майнерлердің бағдарламаға ерікті түрде қатысуы есебінен ғана толықтырылады. Бұл мемлекетке цифрлық активтердің стратегиялық қорын кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда цифрлық активтер саласын дамытуға қолайлы әрі инвестиция үшін тартымды құқықтық орта қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Стратегиялық цифрлық майнинг институтының енгізілуі осы бағыттағы кезекті маңызды қадам болып саналады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.