Балқаш қаласында мектеп оқушыларының экологиялық жобалары енді тек идея деңгейінде қалып қоймай, нақты жүзеге асып жатқан шешімдерге айналды. Оқушылар педагогтармен бірлесе отырып ақылды жылыжайлар, зерттеу зертханалары мен экологиялық мониторинг жүйелерін әзірлеуде. Бұл жобаларда жасанды интеллект өсімдіктерді өсіру үдерісін оңтайландырып, қоршаған ортаның жай-күйін талдауға мүмкіндік береді.
Ақпан айында өткен Balkhash STEAM Serpini: Science Day фестивалінде қаладағы 15 мектептің командалары 19 STEAM жобасын таныстырды. Байқау қорытындысы бойынша бес бастама 1,5 миллион теңгеден грант ұтып алып, өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.
Сол жеңімпаз жобалардың бірі – №12 жалпы білім беретін мектеп. Мұнда Smart Greenhouse атты инновациялық агротехнологиялық зертхана ашылған.

«Ақылды» жылыжай жыл бойы пестицид қолданбай-ақ микрожасыл өнімдерді өсіруге мүмкіндік береді. Бұл жерде оқушылар биология, инженерия және IT салаларын тәжірибе жүзінде меңгеріп, гидропоника әдісін және өсімдіктерді өсірудің заманауи тәсілдерін үйренуде. Жылыжайдағы микроклиматты, суару жүйесін және өсім жағдайларын жасанды интеллект автоматты түрде бақылап отырады.
«Жобаны іске қосқаннан кейін оқушылар облыстық және республикалық экологиялық байқауларға белсенді қатыса бастады. Ең қуантатыны – олардың экологияға деген саналы көзқарасы қалыптасып, нақты шешімдер ұсынуға ұмтылуы», – деді жобаның жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Сания Көкіш.
Тағы бір жоба №1 мектепте жүзеге асырылуда.
Мұнда EcoPulse жобасы негізінде жаңа буындағы «Экокупол» шағын зертханасы пайда болды.
Бұл — мектеп ортасын бақылауға арналған заманауи STEAM алаңы.
Сенсорлар көмегімен оқушылар температура, ылғалдылық, ауа сапасы, жарық деңгейі мен шу көрсеткіштерінің оқу үдерісіне қалай әсер ететінін зерттейді.

Жүйе деректерді нақты уақыт режимінде жинап, жасанды интеллект оларды талдайды, өзгерістерді болжайды және оқу кабинеттеріндегі микроклиматты жақсартуға арналған ұсыныстар әзірлейді.
«Біз технологиялар білім беру ортасын анағұрлым жайлы әрі қауіпсіз ете алатынын көрсеткіміз келеді. Бұл жоба оқушылардың зерттеушілік ойлау қабілетін дамытып, цифрлық сауаттылығын арттырады және деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады», – деп атап өтті жобаның жетекшісі Светлана Харламова.
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












