Home Технологиялар Инновациялар Жеке балабақшалардағы қатысым енді QR мен Face ID арқылы тіркеледі

Жеке балабақшалардағы қатысым енді QR мен Face ID арқылы тіркеледі

10

Алматы облысында балабақшаларға келген балалардың қатысуын тіркейтін жаңа цифрлық жүйе іске қосылды. QR-код пен Face ID технологияларына негізделген бұл жүйе арқылы ата-аналар балаларының қашан келгенін және қай уақытта кеткенін нақты уақыт режимінде көре алады. Жаңа жүйе бюджет шығындарын қысқартып, жалған есептердің алдын алуға мүмкіндік берген.

Цифрлық бақылау толықтай автоматтандырылған. Биометриялық сәйкестендіру арқылы деректерді қолдан жасау немесе өзгерту мүмкін емес. Бұл – бұрын жиі кездесетін заңбұзушылықтарға тосқауыл қоймақ.

Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, электрондық тіркеу енгізілген соң, жеке балабақшалардың қаржыландырылуына аудит жүргізілген. Нәтижесінде күмән тудырған 29 балабақша жабылған. Жүйе іске қосылған бірнеше ай ішінде облыс 1,2 миллиард теңге үнемдеген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 миллиардтан асуы мүмкін.

«Цифрландыру тек процестерді жеңілдетіп қана қоймай, тәртіп орнатуға көмектеседі. Бізге нақты көрініс беретін және адами факторды алып тастайтын құрал келді»,- деді басқарма басшысы Ақыл Жандос.

Жоба білім беру саласындағы цифрлық жаңғырудың пилоттық үлгісі ретінде аталып отыр. Жергілікті билік бұл тәжірибені өңірдегі өзге білім ұйымдарына да енгізуді жоспарлап отыр.