Telegram мессенджері мен Илон Маск негізін қалаған xAI стартапы бірлесіп, Grok атты жасанды интеллектіні Telegram экожүйесіне біріктірмек. Бұл жөнінде Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров ресми мәлімдеді.
Келісім бір жылға есептелген. Оның аясында Grok нейрожүйесі Telegram-ның негізгі функцияларына енгізілмек. Жасанды интеллект мессенджердің іздеу жолына, хабарлама теру өрісіне және смайлдар мен стикерлер генерациясына енеді. Бұл арқылы қолданушылар хабарламаларын жазғанда, мазмұн жасағанда немесе ақпарат іздегенде Grok көмекші құрал ретінде қызмет етеді.
Telegram бұл әріптестік аясында 300 миллион АҚШ долларын (қолма-қол қаражат пен xAI акциялары түрінде) және Telegram арқылы Grok-қа жазылудан түсетін табыстың 50 пайызын алатын болады.
Павел Дуров әлеуметтік желі X-тегі парақшасында Grok-тың Telegram-ға қалай
енетіні көрсетілген бейнеролик жариялады. Роликте Grok тек бөлек чат-бот қана емес, қолданушы интерфейсінің бір бөлігі ретінде де жұмыс істейтіні байқалады. Ол мәтін жазу барысында ақылды кеңестер ұсынып, контент ұсынатын құралға айналмақ.
Grok – xAI компаниясының негізгі өнімі. Ол өзге нейрожүйелерден еркін, кейде иронияға бейім сөйлеу мәнерімен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде Telegram қолданушылары бұл жүйеге қол жеткізе алады. Ал толық интеграция алдағы айларда іске қосылмақ.