Жасанды интеллект (ЖИ) бүгінде тек IT-саласындағы емес, түрлі саладағы мамандардың да күнделікті жұмысына етене еніп келеді. Cloud.ru бұлтты технологиялар және жасанды интеллект платформасының AI бағыты бойынша жетекшісі Дмитрий Юдин ресейлік «Известия» басылымына ЖИ-мен жұмыс істеуді неден бастау керектігі және оны жүйелі түрде қалай қолдануға болатыны жөнінде айтып берді.
Cloud.ru жүргізген сауалнамаға сүйенсек, әртүрлі саладағы компаниялардың 62%-ы ЖИ қызметтерін орталықтандырылған түрде қолданады. Жұмыс беруші бұл технологияларды бизнес-процестерге белсенді енгізіп, шығындарын өздері өтейді. Ең белсенді салалар – көлік пен логистика (73%), одан кейінгі орында сақтандыру және қаржы (63%), бөлшек сауда мен құрылыс салалары (60%).
«Бүгінде ЖИ-дің еңбек нарығына әсері айтарлықтай. Дегенмен, бұл технологиялар мамандарды алмастыра алмайды, керісінше, олармен нәтижелі түрде жұмыс істейді. Мұндай тәсілді «co-creation» – бірлесе істеу деп атаймыз. Яғни адам мен ЖИ бірігіп, нәтижеге жетеді. Бұл — тиімді әрі шығармашылық қабілеттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, – дейді Дмитрий Юдин.
Оның айтуынша, ЖИ-ассистенттер күнделікті қайталанатын жұмыстарды жеңілдетіп, мамандардың кәсіби даму мен шығармашылық міндеттеріне назар аударуына жол ашады.
ЖИ-ді қолданудың негізгі бағыттарына компания ішіндегі құжаттарға арналған базаларды құру (RAG), кодт жазатын code assistant, сондай-ақ Copilot құралдары жатады. Бұдан бөлек, ЖИ мәтіндер мен суреттер әзірлеу, деректерді талдау секілді мақсаттарда жиі қолданылады.
«Мысалы, мәтін құрастыратын құралдар десе, бірден мазмұн дайындау ойға оралады. Мұндай бағдарламалар маркетологтарға сайтқа мәтін жазуға, сауда алаңдарына арналған тауар сипаттамаларын жасауға, жарнамалық ұрандар ойлап табуға көмектеседі», — деп түсіндірді Юдин.
Сондай-ақ, ол ЖИ көмегімен келіссөзге немесе жұмыс сұхбатына дайындалуға болатынын да айтты. Бұл сату менеджерлері мен жұмыс іздеушілер үшін өте пайдалы. ЖИ әріптестермен кездесуден кейін қысқаша қорытынды жасап шығуға да көмектеседі. Аталмыш құрығы команда жетекшілері үшін таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ, ЖИ клиенттермен жұмыс істеуде және қолданушы тәжірибесін жақсартуда да қолданылады.
Юдиннің айтуынша, мәтін жазуға арналған ең танымал сервистер — GigaChat, YandexGPT, ChatGPT, Gemini, Claude. Сурет генерациялауға арналған — Kandinsky, «Шедеврум», Midjourney, Runway, Pika, DALLE, StableDiffusion. Ал деректерді талдауға — AskEdith, Tomat.AI, Chat With Data, Coginiti, Formula God, Speak Ai сервистерін атауға болады.
«Мамандығыңызға сай ЖИ-ді тиімді қолданудың жолдарын табу үшін тәжірибеге сүйеніңіз. Бұл технологияны сәтті енгізіп жүрген мамандардың жұмысын зерттеңіз», — деп кеңес берді сарапшы.
Сонымен қатар Юдин ЖИ ұсынған нәтижені міндетті түрде тексеріп, қажет болған жағдайда сыни тұрғыда бағалау маңызды екенін айтты. Яғни, ЖИ-ді негізгі емес, қосымша құрал ретінде қабылдаған жөн. Сонымен қатар, ЖИ-ді үнемі қолданып, оны жұмыс мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру қажет.
«ЖИ сіздің таптырмас көмекшіңіз бола алады. Ол белгілі бір міндетті қалай орындайтынын, қандай ресурстарды үнемдейтінін және болашақта қай салада қолдануға болатынын нақты түсінсеңіз, технологияны тиімді пайдалана аласыз», — деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстан мен Ресейдегі шығармашылық орта өкілдері жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жиі пайдаланады. Олар бұл құралдарды жаңа идеялар іздеуде, тосын ойларды табуда және тың бағыттар қалыптастыруда көмекші құрал ретінде қолдана бастады.